Отбасы күні: Қазақстанда отбасыларға қандай қолдау көрсетіледі?
1 шілдеден бастап күшіне енген Конституцияда отбасы дербес конституциялық құндылық ретінде бекітіліп, оны қорғау кепілдіктері күшейтілді.
Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Бұл мереке отбасы құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, еліміздегі отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижелеріне назар аударуға мүмкіндік береді.
Отбасы – қоғам тұрақтылығы мен ел болашағының негізі. Сондықтан Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыру және әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігін арттыру болып қала береді.
Отбасының мәртебесі Конституцияда күшейтілді
2026 жылы отбасылық саясаттың құқықтық негізінде маңызды өзгерістер болды. 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституцияда отбасы дербес конституциялық құндылық ретінде бекітіліп, оны қорғау кепілдіктері күшейтілді.
Ата заңда неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны көрсетілген. Сондай-ақ неке ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті әрі тең құқықты одағы екені және балаға қамқорлық жасап, оны тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі міндеті екені айқындалды.
Биыл Президент жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтының құрылуы да осы бағыттағы институционалдық жұмысты күшейтті.
Қазақстанда қанша неке қиылды?
Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметі бойынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында елімізде 51,7 мың неке тіркелді. Осы кезеңде 22,5 мың ажырасу тіркелген.
Ал 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда 115,9 мың неке қиылған. Алғаш рет некеге тұрғандардың орташа жасы ерлер арасында 27,9 жас, әйелдер арасында 25,3 жасты құрады.
Демографиялық көрсеткіштер де отбасы саясатының маңызын айқындайды. 2026 жылдың қаңтар-маусымында Қазақстанда 149,8 мың сәби дүниеге келіп, халықтың табиғи өсімі 85,1 мың адам болды.
Көпбалалы отбасыларға қолдау
Мемлекеттік отбасылық саясаттың негізгі бағыттарының бірі – балалы және көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау.
2026 жылдың басынан бері көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға шамамен 114 млрд теңге мемлекеттік жәрдемақы төленген. Қолдау шараларымен орта есеппен 876,8 мың отбасы мен наградталған ана қамтылды.
Биыл балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10 пайызға артты. Мәселен, төрт баласы бар отбасыға айына 69 330 теңге, бес балалы отбасыға 86 673 теңге, ал жеті баласы бар отбасыға 121 360 теңге төленеді.
Бұл төлемдер көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан беріледі.
Қолдау тек жәрдемақымен шектелмейді
Қазіргі отбасылық саясат қаржылай көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Оның басым бағыттарына жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыру, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсету кіреді.
Елімізде отбасыларды қолдау және дағдарыс жағдайындағы азаматтарға көмек көрсету жүйесі де дамып келеді. Өңірлерде дағдарыс орталықтары жұмыс істейді, олардың басым бөлігінде уақытша баспана қарастырылған.
Сонымен бірге «Қазақстандық отбасылар – 2026» ұлттық баяндамасын әзірлеу кезінде жауапты ата-ана болу, отбасы мен білім беру жүйесінің өзара байланысы және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау басым бағыттар ретінде белгіленді.
Отбасы күні – құндылықтарды дәріптейтін мереке
2026 жылы Отбасы күніне арналған іс-шаралар 7–13 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Бағдарламада ұрпақтар сабақтастығы, саналы түрде отбасы құру, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы секілді мәселелер қамтылған.
Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына биыл еліміздің барлық өңірінен 3611 отбасы өтінім берген.
Мемлекеттің отбасылық саясатының түпкі мақсаты – әр отбасының әл-ауқатын арттырып, бала тәрбиесіне қолайлы орта қалыптастыру. Өйткені берекелі отбасы – тұрақты қоғамның, ал саналы әрі жауапты тәрбие алған ұрпақ – елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі.