Отбасы банк қазақстандықтарға миллиондаған сыйақы таратты

Отбасы банкі клиенттерінің жинақ шоттарына өткен демалыс күндері мемлекеттік сыйлықақы түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Банктің дерегінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша өз тұрғын үйлеріне ақша жинап жүрген 2 134 279 қазақстандық мемлекеттік сыйлықақы алды.

Мемлекеттік сыйлықақыны алушының орташа жасы – 35 жас. Отбасы банкінің әрбір төртінші салымшысы 147 680 теңге мөлшерінде ең жоғары сыйлықақы алды. Мемлекеттің 20% мөлшеріндегі сыйлықақысы 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомасына есептеледі. 2024 жылы 1 АЕК - 3 692 теңгеге тең болды. Яғни бұл сыйлықақы алуға жарамды ең жоғары сома 738 400 теңге, - деп хабарлады Отбасы банк.

Заңға сәйкес, сыйлықақы төлеуді мемлекет қамтамасыз етеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы көлемі 157 280 теңгеге тең болады. Оған қол жеткізу үшін Отбасы банкіндегі шотқа кемінде 786 400 теңге (200 АЕК) жинақтау қажет. Ол үшін салымшылар ай сайын өз депозиттерін шамамен 65 533 теңгеге толықтырып отырулары тиіс.

Мемлекеттік сыйлықақы мен банк сыйақысын қосқанда, Отбасы банк депозиттерінің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14%-ға жетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Нұркен Алишев - архив
Өзгелердің жаңалығы