Бүгiн 2026, 08:20 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Отбасы банк IPO-сы: Халық үшін мүмкіндік пе, тәуекел ме?

Банк IPO-дан кейін де әлеуметтік бағыт сақталатынын мәлімдеді.

«Отбасы банкті» IPO-ға шығару мәселесі қайтадан қызу талқыға түсті. Банк әлеуметтік миссиясы өзгермейтінін айтса, сарапшылар жеке инвесторлардың келуі тұрғын үй бағдарламаларының болашағына әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. BAQ.KZ тілшісі IPO-ның халыққа қандай мүмкіндік пен қандай тәуекел әкелуі мүмкін екенін саралап көрді.

Бұл бастама қоғамда түрлі пікір туғызды. Әсіресе, әлеуметтік бағыттағы банктің нарық заңына бейімделуі болашақта халыққа арналған бағдарламалардың тағдырына әсер ете ме деген сұрақ туындайды.

IPO-ның басты мақсаты қандай?

«Отбасы банк» IPO-ны ең алдымен банктің ұзақмерзімді дамуына қажет құрал ретінде сипаттады.

IPO Банктің қаржылық тұрақтылығын және оның операциялық моделіне, басқару жүйесіне әрі стратегиялық бағытына деген нарық сенімін растауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қадам Банктің операциялық икемділігін арттырып, шешім қабылдау үдерістерін жеделдетуге, инновацияларды дамыту мен болашақ өсімді қамтамасыз ету үшін қосымша капитал мен нарықтық сараптаманы тартуға бағытталған, – делінген банктің редакция жолдаған ресми сауалға берген жауабында.

Банк мәліметінше, мемлекет үшін де бұл қадамның стратегиялық маңызы бар. Атап айтқанда, тұрғын үй секторына жеке және институционалдық инвесторларды тарту арқылы қаржы нарығын дамыту көзделіп отыр.

Сонымен қатар банк толық жекешелендірілмейтінін, аралас меншік моделіндегі қаржы институты ретінде жұмысын жалғастыратынын атап өткен.

Әлеуметтік бағыт өзгере ме?

IPO туралы қоғамда ең көп талқыланған сұрақтардың бірі – банктің әлеуметтік миссиясы сақтала ма деген мәселе.

«Отбасы банк» бұл бағыт өзгермейтінін нақты айтып отыр.

IPO банктің қазіргі жұмыс моделіне түбегейлі өзгеріс әкелмейді және оның әлеуметтік бағытын қайта қарауды білдірмейді. Отбасы банк тұрғын үй қолжетімділігін арттыру жөніндегі ұлттық даму институты ретіндегі миссиясын сақтай отырып, өз қызметін жалғастырады», – деді банк.

Қаржы институтының мәліметінше, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі, әлеуметтік топтарға арналған жеңілдетілген бағдарламалар және мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асырудағы рөлі өзгеріссіз қалады.

Сондай-ақ банк IPO-дан кейін де негізгі акционер ретінде «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі қалатынын атап өтті.

Қазіргі уақытта Отбасы банктің жалғыз акционері – “Бәйтерек” ұлттық инвестициялық холдингі болып табылады және IPO-дан кейін де оның басым үлесі сақталады, – делінген ресми жауапта.

Банк өкілдері бұл өзгеріс қаржы институтының квазимемлекеттік сектордағы мәртебесіне де әсер етпейтінін жеткізген.

Ипотека шарттары өзгере ме?

Көпшілікті алаңдатқан тағы бір мәселе – жаңа инвесторлардың келуі ипотекалық бағдарламалар мен пайыздық мөлшерлемелерге әсер ете ме деген сұрақ.

Банк мұндай өзгеріс бірден болмайтынын мәлімдеді.

Жаңа акционерлердің келуі ипотекалық өнімдер шарттарына немесе пайыздық мөлшерлемелерге бірден немесе түбегейлі өзгеріс енгізеді деп күтілмейді, – дейді банк өкілдері.

«Отбасы банк» мөлшерлемелер мен ипотекалық өнімдердің шарттары ең алдымен қаржыландыру тетіктеріне, нарықтық жағдайларға, мемлекеттік бағдарламалар талаптарына және реттеуші саясатқа байланысты қалыптасатынын түсіндірді.

Сонымен бірге банк IPO клиенттер үшін сервистің сапасын жақсартуға мүмкіндік беруі мүмкін екенін атап өткен.

IPO Банктің ашықтығын, корпоративтік басқару сапасын және операциялық тиімділігін күшейтуге ықпал етуі мүмкін. Бұл өз кезегінде клиенттер үшін сервистің жақсаруына, цифрлық шешімдердің дамуына, процестердің жеделдеуіне және жаңа өнімдерді енгізуге қосымша мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді қаржы институты.

Сарапшы не дейді?

Алайда бұл мәселеге күмәнмен қарайтын сарапшылар да бар. Экономист және қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің пікірінше, «Отбасы банктің» табиғатын қарапайым коммерциялық банкпен салыстыруға болмайды.

“Отбасы банк” IPO-ға шығуға бұған дейін де талпынып көрген. Есімде, банктің 20 пайыз үлесіне инвестор ізделді, бірақ кейін бұл жоспардан бас тартты. Меніңше, оған қызығушылық танытқан инвестор аз болды, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, IPO туралы әңгімені бастамас бұрын банктің стратегиялық мақсатын нақтылап алу қажет.

Ең алдымен, “Отбасы банкке” IPO не үшін қажет екенін түсініп алу керек. Бұл – капитал тарту үшін бе, әлде банкті нарықтық жүйеге жақындату үшін бе? Өйткені “Отбасы банк” – жай коммерциялық банк емес. Ол, шын мәнінде, даму институты әрі әлеуметтік міндет атқаратын құрылым, – дейді Расул Рысмамбетов.

Сарапшының пікірінше, дәл осы жерде негізгі тәуекел жатыр.

«Инвестор үшін бастысы – пайда»

Расул Рысмамбетов әлеуметтік бағыттағы банкке жеке инвестор тарту оңай болмайтынын айтады.

Меніңше, мемлекеттік әрі әлеуметтік бағыттағы банкке жеке инвестор тартудың негізгі тәуекелі – инвесторлар ең алдымен табысқа қарайды. Ал әлеуметтік функция олардың басты мақсаты емес. Жеке инвесторлар үшін бастысы – пайда, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, мұндай жағдайда инвесторлар жеңілдетілген бағдарламаларды қысқартуды немесе банк табыстылығын арттыруды талап етуі мүмкін.

Сол себепті олар “жеңілдік аз болсын, табыс көп болсын” деуі мүмкін. Оның да өзіндік қисыны бар шығар. Бірақ онда біз әлеуметтік институт ретінде “Отбасы банктен” айырылып қалуымыз мүмкін, – дейді экономист.

Ол IPO-дан кейін де мемлекет банкті қаржылай қолдауды жалғастыруы қажет болуы мүмкін екенін айтады.

IPO-дан кейін бағдарламалардың қолжетімді болып қалуы үшін мемлекет қаржылай қолдауды жалғастыруы керек, түрлі субсидияларды сақтауы қажет. Бірақ бұл жерде тағы бір мәселе туындайды: ондай жағдайда нарықтағы әділ бәсеке туралы айту қиын, – дейді сарапшы.

IPO-ға әлі ерте ме?

«Отбасы банк» IPO-ны қазіргі даму моделін күшейтетін құрал ретінде сипаттап отыр. Банк өзінің ұлттық даму институты ретіндегі мәртебесі заңнамалық деңгейде бекітілгенін және бұл үшін мемлекетке 100 пайыз тиесілі болуы міндетті емес екенін атап өтті.

Алайда Расул Рысмамбетов банк IPO-ға дейін өзінің болашақ моделін қоғамға анық көрсетуі керек деп есептейді.

Жалпы, “Отбасы банк” алдымен өзінің стратегиялық бизнес моделін нақтылап алуы керек сияқты. Содан кейін ғана IPO мәселесін қарастырған жөн. Әйтпесе, банк қазіргі әлеуметтік рөлінен айырылып қалуы мүмкін. Мұнда әлі ойланатын тұстар өте көп, – дейді ол.

Сарапшы дәл қазір IPO жасауға әлі ерте деген пікірде.

Меніңше, дәл қазір IPO жасауға әлі ерте. Немесе “Отбасы банк” алдағы жарты жыл ішінде жаңа моделін нақты көрсетіп беруі керек. Әйтпесе оған қызығатын жеке инвесторларды әзірге көріп тұрған жоқпын, – деп түйіндеді Расул Рысмамбетов.

Қорыта айтқанда, «Отбасы банктің» IPO-ға шығуы қаржы институтының дамуына жаңа мүмкіндік беруі мүмкін, алайда оның әлеуметтік миссиясы мен халыққа қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларының сақталуы қоғам назарындағы басты мәселе болып қала береді.