Отардағы сарбаз ісі: Төрт лауазымды тұлға қызметінен босатылды
Бірқатар офицерлер мен сержанттарға қатаң тәртіптік жазалар қолданылды.
Гвардейск гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызмет сарбазына дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиғаға байланысты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, қызметтік тексеру ұйымдастырылды.
Тексеру қорытындысы бойынша кадрлық шешімдер қабылданып, басшылық құрамындағы төрт лауазымды тұлға – әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметтерінен босатылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар, әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына «қызметіне толық сәйкес емес» деген ескерту жарияланды. Бірқатар офицерлер мен сержанттарға қатаң тәртіптік жазалар қолданылды.
Қабылданған шаралар атқарып отырған лауазымына қарамастан, дербес және бұлтартпас жауапкершілік қағидатының сақталатынын көрсетеді. Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, барлық мән-жайға түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижелері бойынша беріледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімде сарбазға күш қолданылып, оның жақ сүйегі сынған. Қайтуына 4 ай қалғанда сержанттар темірмен ұрып, жағын сындырғаны туралы сарбаз өзі мәлім еткен болатын.
Сондай-ақ, Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, ауыр жарақат алған сарбаздың әпкесі әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасаған болатын.
Бұдан бөлек әскерде жақ сүйегі сынған сарбаздың жағдайына қатысты Қорғаныс министрлігі де мәлімдеме жасаған еді.
Ал кеше сержант Айдын Сайранұлы оқиғаның қалай болғанын айтып, үндеу жариялады.