Отанын сүйген ұлттық ұландар
Қаланың ішкі тәртібінде ғана емес, ұлтқа қауіп төнгенде де топтың алдында жүретін 5514 әскери бөлімінің еңбегі зор. Осы ретте сонда қызмет атқаратын Ұлттық ұландардың жұмысымен танысып қайттық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әскерде жауапкершілік маңызды
Талдықорған қаласының ішкі тартыстардың және қару қолдануымен күрес әрекеттерінің алдын алу мақсатында 2001 жылдың 5 қарашасындағы Үкімет Қаулысымен 5514 әскери бөлімі құрылған. Қаңтар оқиғасынан кейін үлкен әскери құрылымға айналған бөлімнің бүгінде аумағы кеңіп жатыр.
Әскери бөлімнің әскери қызметшілері жауынгерлік қызмет атқарумен қоса әскери қалашықтың құрылысына да белсенді қатысады. Мұнда әскери қызметті өткеруге барлық мүмкіндік жасалған. Атап айтсақ әскери бөлім заманға сай қарумен, автомобиль техникасымен, байланыс құралдарымен толықтай жабдықталған екен. Негізін Ішкі әскерлер ардагерлері қалаған дәстүрлерді жалғастыру мақсатында, 2002 жылдың 23 ақпанынан бастап бөлім сарбаздары Жетісу облысының орталығында 56 патрульдік бағытта қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік қызмет атқарады. Бұл әр сарбаздың Отан алдыдағы жауапкершілігін сезіндіреді.
5514 әскери бөлімінің екінші жедел резерв батальонында әскери борышымды өтеп жатырмын. Әскерге 223 шақырылымымен келдім. Бір айдан соң қызметім аяқталады. Қызмет күндері 8:30-да тұрамыз. Себебі қызмет күндері сағат 23:00-ге дейін түнгі қаланың тәртібін қадағалаймыз. 5-6 сағат берілген маршрут бойынша көшелерді жаяу аралап, қоғамға қауіпті жағдайларға мән береміз. Сол үшін де жұмыс тәулігінде таңғы ұйқымыз ұзаққа созылады. Ұйқыдан тұра сала төсек-орнымызды жинап, рота 50 минут таңғы жаттығу жасаймыз. Содан кейін жуынып-шайынып таңғы ас ішуге барамыз. Жақсы жұмыс көрсетсек демалыс сайын қалаға шығып тұрамыз. Ата-анамызбен де демалыс сайын сөйлесіп тұрамыз, - дейді жас сарбаз Ілияс Марсянов.
Жалпы сарбаздар жұмыс күндерінен бөлек таңғы 6:00-де тұрады. Қаланы қараңғылық билеп тұрған шақта, олар жаттығуға беттейді. Әскер қатарындағы сарбаз қызметiн жауынгерлік пәрмен арқылы бастайды. Бір күнтізбелік жоспарына үңілсеңіз, ұйқыдан тұра сала, таңғы жаттығуға жүгіреді. Одан кейін таңғы асын ішіп, күнделікті бір-екі сағаттық сабаққа қатысып, жауынгерлік қызметке физикалық дайындық өткізеді. Мұнда жауынгерлік қызметті атқаруға құрал-жабдықтармен әр сарбаз қамтамасыз етіледі.
Қызмет күндері тамақтанған соң келесі жұмыс күніне дайындаламыз. Жаға тізегіміз, киім үтіктейміз, аяқ-киім тазартамыз. Сағат 15:00 түскі ас ішеміз. Ол 1 сағатқа созылады. Одан кейін командир тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Қызметте әркім өз бағытымен жұмыс істейді. Әр 20 минут сайын бағытымызды бөлім басшылары қадағалап отырады. Жұмыс күні соңында арнайы баяндама жасаймыз, - дейді жас сарбаз.
Сөз барысында ішкі тәртіп деп қалдық қой, Қызылағаш оқиғасында осы әскери бөлімнің сарбаздары халыққа көмек көрсеткені туралы есімізде. 2010 жылдың 12-24 наурызы аралығында Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылындағы төтенше жағдай зардаптарын жоюға белсене қатысты. Одан бөлек Жаңаөзен оқиғасында да елді тәртіпке шақырды. 2011 жылдың 25 желтоқсанынан бастап 2012 жылдың 5 қаңтарына дейін әскери бөлімнің жеке құрамы Манғыстау облысына қарасты Жаңаөзен қаласында болған қоғамдық тәртіпсіздіктерге жол бермеу үшін жіберілген.
Осы ертте Шолақай оқиғасын да айта кетпеске болмас. Панфилов ауданына қарасты Шолақай елді мекеніндегі кәмелет жасына толмаған қазақ қызына істелген қылмыс үшін, әскери жедел резервінің 170 әскери қызметшісі және жергілікті жедел резервінің 25 әскери қызметшілері ұлт аралық қақтығыс болуына жол бермеді.
Ерлігі елге үлгі сарбаздар
Елдің тыныштығына күзетші болған Ұлттық ұлан әскерінің күнделікті өмірі біреуге қызықты, біреуге қызықсыз көрінуі мүмкін. Қаланың тәртібіне аса мұқият қарап, аралап шығар алдында бірін-бірі демеп отырады. Жас сарбаздар жауынгерлік қызмет атқарып, жауынгерлік есеп пен таралымда бой көтеріп, кешкі сағат 17:00-ден түнгі сағат 23:00-ге дейін қала көшелерінің тыныштығына жауап береді. Ал жексенбі күні демалыс жоспарына сәйкес сарбаздар демалып, сан түрлі эстафеталар ұйымдастырып, киноға, саябақ және музейлерге барады.
Бізде әскери бөлімде «Жас бүркіт» және «Жас ұлан» әскери патриоттық клубтары жұмыс істейді. Онда бөлім әскери қызметшілерінің 5-12 жасар балаларымен 10-сынып оқушылары кіреді. Аталған клубтарда 5514 әскери бөлімінің офицерлері жас ұрпақты отан сүйгіштікке үйретіп, патриоттық сезімдерін оятуға бар күш-жігерін салады. Әскери бөлім аумағында әр рота сарбаздарынан тұратын белсенділер мен кішігірім клубтар бар. Мәселен, әр ротада өздерінің Жайдарман ойнайтын командалары болады, - дейді кіші сержант Нұргүл Сейдахметова.
Оның айтуынша, рота белсенділері арнайы төрайымы, орынбасары, жауынгерлік үнпарақ редакторы, спорт ұйымдастырушысы және үгітшіден тұрады екен. Ай сайын рота белсенділері жиылып сарбаздар арасында Жас театр қойылымы, Сарбаз дауысы, Жайдарман секілді қызықты да рухани жарыстар ұйымдастырады. Осылай көзге түскен бөлім белсенділері мен жас таланттары қалалық және облыстық жарыстарға қатысып жүлделі орындар ие болады.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық ұландар үлкен қызмет атқарды. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру және жағдайды тұрақтандыру мақсатында, әскери бөлімнің жеке құрамы Талдықорған қаласында 2022 жылғы 5 қаңтар сағат 12:30 – дан 2022 жылғы 19 қаңтары сағат 00:00 ге дейін «Төтенше жағдай» режимін қамтамасыз етуге қатысты. 2022 жылдың 6 мен 19 қаңтар аралығында Алматы обылыстық жедел штабы және өңірлік жедел штабы әскери бөлім аумағында орналастырылған.
Жалпы халықтың кауіпсіздігін қамтамасыз ету, терроризм актісінің алдын алу және жолын кесу, террористердің, жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру, сондай-ақ террористік қауіптіліктің «Қызыл» деңгейі шеңберінде, оның зардаптарын барынша азайту және жою мақсатында 6 мен 19 қаңтар аралығында, әскери бөлім жеке құрамы терроризімге қарсы операцияларды жүргізуге қатысты. Қаңтар оқиғасы кезінде наразылық білдірген азаматтарды алаңнан шығару бойынша қызметтік-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде қатардағы жауынгер Аманов Айбат Ерболұлы жауынгерлік сапта болып, қайсарлық пен жауынгерлік танытып, шегінбей, әскери ант пен борышын адал атқара отырып, шерушілердің шабуылына тойтарыс берді. Бірақ дене жарақатын алған қатардағы жауынгер сол жерде қаза болды, - дейді Нұргүл Сейдахметова.
Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүдделерін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін қатардағы Аманов Айбат Ерболұлы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (қайтыс болғаннан кейін) марапатталады.
Президент қаулысымен 2022 жылы Ұлттық ұлан Талдықорған қаласында орналасқан 5514 әскери бөлімінде «Б» жасағы құрылды.