Отаның ертесінде науқастың құлағы шайдай ашылды - дәрігер

Құлақ – естумен қатар, дене салмағының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін маңызды мүшелердің бірі. ҚР ПІБ МО ауруханасының жоғары санатты оториноларинголог дәрігері Медет Маханбет Қазақстанда алғаш рет ортаңғы құлаққа эндоскопиялық трансканалды операция жасауды тәжірибеге сәтті енгізіп, отандық медицинаға жаңалық әкелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлемнің 5 дамыған елінде ғана жасалатын бұл операцияның классикалық операцияның ерекшелігі мен артықшылығы туралы дәрігерден сұрап көрген болатынбыз.

- Құлаққа эндоскопиялық жолмен жасалатын бұл операцияның ерекшелігі мен артықшылығы қандай?

- Ортаңғы құлаққа жасалатын эндоскопиялық трансканалды операция эндоскоппен жасалады. Операцияның басты ерекшелігі – құлақ іші терісінен 1,5 сантиметрлік қана тілік жасалады. Эндоскоп құлақ іші қуысын 100 есе үлкейтіп көрсеткендіктен, хирургтің қимыл-әрекетіне қолайлы жағдай туғызады. Ал әдеттегі классикалық операциялар микроскоппен жасалады және ондағы тілік құлақтың артына ұзыннан түседі. Әрі операцияны микроскоппен жасау барысында құлақ ішіндегі қиын бұрыштарға жетуге қиындық тудырады, ал эндоскоппен тікелей кіріп жасай беруге болады. Эндоскопиялық трансканалды операцияның келесі артықшығы операциядан кейін құлақтың жазылуына әдеттегідей 1 апта емес, небәрі 3 күн ғана қажет етіледі.

- Бұл операцияны қалай үйрендіңіз?

- Мен алдыңғы жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен Литва елінде білім алып жүріп, «Неге жаңа заманға сай эндоскоппен операция жасамасқа?!» деген ой келді. Оториноларингология саласында операцияны микроскоппен жасап келе жатқанына 100 жылдан асты. Жаңа тәсілді енгізуге дәрігерлерде уақыт немесе ішкі қалауы болмауы мүмкін. Мен бар ниетім ауып тұрғанда кітапханадан трансканалды операциялар жасаған итальяндық оториноларингологтердің жазбаларын оқып, зерттеп, ойымда оны іс жүзінде пайдаланудың картинасын құрастыра бастадым. Яғни бір қолмен эндоскопты ұстап тұрып, екінші қолмен жіңішке сайманмен жұмыс істеуге болатынын есептеп, бәрін жобаладым. Литвадағы профессорым маған классикалық тәсілді үйреткендіктен, бұл тәуекеліме тек сәттілік тілей алатынын айтты. Жыл басында ауруханадағы басшыларымның рұқсатын алып, тәжірибеге сәтті енгіздім.

- Бүгінде жаңа тәсілмен қанша операция жасадыңыз?

- Бір жыл дайындықпен ең алғашқы эндоскопиялық трансканалды операцияны биыл 9 қаңтарда жасадым. Екі сағат 45 минутқа созылған операция сәтті өтіп, өте жақсы нәтиже берді. Бүгінге дейін 51 науқасқа жасап, 95% жоғары нәтиже көрсеткен екен. Қалған 5%-ды құрайтын 2-3 науқас операциядан кейін дұрыс күтім жасамағандықтан, қолдан құртып алған. Мен әр науқаспен байланысып, жағдайынан хабардар болып тұрамын. Әлі күнге дейін алғыстарын білдіріп жатыр. Операцияны әр жасаған сайын қолымның ептілігі де арта береді. Жыл соңына дейін 100-ге жеткізуді ойлаған едім. Қазір эндоскопиялық трансканалды операцияны жасауға 1 сағаттай ғана уақыт кетеді.

- Бұл операциялар қандай диагноздар бойынша жасалады?

- Дабыл жарғағына зақым келген, тесілген жағдайларда, ортаңғы құлақ қуысының созылмалы іріңді қабынуы, стапедопластика – яғни құлақ ішіндегі есту қабілетіне, дауыс толқындарының өтуіне жауап беретін 3 сүйектің ең кішкентайы (үзеңгі) қатайып кеткенде оны сындырып, орнына протез қою жағдайында операцияны эндоскопиялық трансканалды тәсілмен жасаймыз. Дабыл жарғысын жауып, үстіне қойылатын тығын (тампон) әдетте 3 аптада еріп, су сияқты әсермен күңгірлеп тұрады. Тығын ерімейінше, құлақ естімейді. Ал жаңа тәсілмен екінші күні-ақ науқастың құлағы шайдай ашылатынына көз жеткіздік.

- Ортаңғы құлаққа жасалатын эндоскопиялық трансканалды операцияны өзге де әріптестеріңізге үйрету жоспарыңызда бар ма?

- Бұл операция медицинаға жаңалық емес, мен тек Қазақстанға осы тәсілді әкелушімін. Жазда ЛОР-дәрігерлердің арасында танымал «Laryngoscope» халықаралық журналына эндоскопиялық трансканалды операцияны әлемнің дамыған төрт елінде ғана жасайтыны туралы статистикалық мақала шықты. Олар Америка, Жапония, Түркия және Италия. Қалған елдің бәрінде бұрынғы классикалық тәсілмен жасалады. Маған ешкім операцияны жасау тәсілін үйретпесе де, ізденісімнің тәуекелімен тәжірибеге енгіздім. Білгенімді үйретуге әрине дайынмын. Қазір резиденттерге үйретіп жүрмін. Ал өзге әріптестерім жаңа тәсілге көшуге әлі шешілмей жүр.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ПІБ Медицина орталығы
Өзгелердің жаңалығы