«Отанға адал қызмет ету». Маман жауынгерлік қызметтің қыр-сырымен бөлісті
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін көп өтпей елдің ішкі тыныштығының кепілі ретінде құрылған әскеріміздің бірі Ұлттық ұлан болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ел өмірінің тарихында өшпес орны бар ұлық мереке 25 - қазан Республика күні қарсаңында мемлекетіміздің аймақтық экономикалық өрісінде ойып алар орны бар мегаполис - Шымкент қаласының қоғамдық қауіпсіздігі мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Бауыржан Қабылбековпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
- Бауыржан Оңғарбайұлы, алғашқы сұрақты әскери бөлімнің тарихи жолдарынан бастасақ.
- Әскери бөліміміздің тарихы сонау 1961 жылдан бастау алады. 1961 жылы 7 қазанда Қазақ КСР Ішкі істер министрі Қазақ КСР ІІМ Ішкі әскерлер және айдауыл күзеті бөлімінің жеке дивизонын құру туралы бұйрыққа қол қойды. Жеке дивизонды подполковник Головачев Петр Илларионович, майор Бынковский Дмитрий Иванович және капитан Соколов Лев Алексеевич деген білікті офицерлер құрды. 1962 жылы 6 қарашада полковник Халменов Құлахмет Дүйсенбекұлы, қазір отставкадағы милиция генерал-майоры, дивизион командирі - подполковник Головачев Петр Илларионовичке Жауынгерлік Ту табыс етті. Осы маңызды оқиғаның құрметіне, бұл күн әскери бөлімнің туған күні болып белгіленді. 1963 жылдың басында жедел-қызметтік міндеттердің ұлғаюына, сондай - ақ әскерлер құрылымының жетілдірілуіне байланысты Қазақ КСР Ішкі істер министрінің 1963 жылы жекелеген дивизион Жамбыл қаласынан Шымкент қаласына ауыстырыла отырып, Қазақ КСР қоғамдық тәртіп министрлігінің Ішкі әскерлер отряды және колонна күзеті болып қайта құрылды. Отрядтың құрылуы отряд командирі полковник Шевчук Иван Антоновичке, штаб бастығы подполковник Головачев Петр Илларионовичке жүктелді. 1968 жылы 25 қарашада айдауыл күзетінің жасағы Қазақ КСР ІІМ айдауыл полкі болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен 1994 жылы 6506 әскери бөлімі құрамына Шымкент қаласы мен Тараз қаласында орналасқан әскери бөлімшелері кіретін Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің құрамасы болып қайта құрылды. Кейін 2000 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен әскери бөлім базасында жедел мақсаттағы құрамасы құрылды.
Міне биыл әскери бөліміміздің құрылғанына 60 жыл толады. 6 қарашада тарих пен шежіреге толы бұл атаулы күнді біздің әскери бөлімнің жауынгерлік жолында қызмет еткен барлық ардагерлеріміз бен әскери қызметшілерімізді шақырып, ерекше салтанатпен атап өтетін боламыз.
- Ендеше мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Әрине, 60 жыл аз уақыт емес. Өзіңіз айтқандай тарих пен шежіреге толы бұл жылдар ішінде еліміздің ішкі тыныштығын күзетудегі жауынгерлік қызметтеріңіз және жетістіктеріңіз туралы айтып өтсеңіз.
Бөлімнің тарихы - бұл шынымен де жоғары қырағылықтың, сарбаздардың, сержанттардың, прапорщиктердің және офицерлердің әскери борышын өтеуге деген адалдығының шежіресі. Сонау құрылған жылдардан бастап айтып өтер болсақ, 1964 жылы қоғамдық тәртіпті сақтау министрлігінің жеке құрамы мен қызметкерлері Шымкент қаласында қоғамдық тәртіпті орнатуға және қолдауға белсенді қатысты. 1967 жылдың көктемінде бөлімнің жеке құрамы Сарыағаш кентіндегі су тасқынынан азаматтар мен мүліктерін құтқаруға қатысты. 1972 жылы 27 қазанда Жаңатас станциясындағы 3 ротаның жауынгерлері ондаған миллион рубльге материалдық құндылықтар сақталған "Қаратаухимстрой" қоймаларына қауіп төндірген өртпен күресте жауынгерлік қызмет атқарды. Отпен күрес үш жарым сағатқа созылды, жауынгерлеріміздің көзсіз ерлігінің арқасында халықтың игілігін сақтап қалды. Әрбір жауынгерлік қызмет ерлік пен қырағылыққа толды болды. Әскери бөлім жауынгерлері 1993-1998 ж.ж. Тәжікстан Республикасындағы Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғау жөніндегі үкіметтік міндеттерді орындауға қатысты. 1990 жылы Қырғызстан Республикасы Ош қаласында, 1991 жылы Закавказьеде, таулы Қарабахта, 1992 жылы Түлкібас ауданында, Керент ауылында аса қауіпті қылмыскерлерді ұстауда, қашып кеткен қылмыскерлермен кепілге алынған адамдарды босатуда жанкештілік танытып, жауынгерлік міндеттерді адал орындады, тағы сол сияқты айта берсек өте көп.
Сонымен қатар құраманың жеке құрамы кез келген қызметтік - жауынгерлік міндеттерді орындауға өзінің дайындығын пысықтауда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бөлімшелерімен бірлескен Луговой, Отар, "Оңтүстік-2001", Сарышаған полигонында "Сары-Арқа - 2004", Сарыағаш қаласында "Оңтүстік - террорға қарсы - 2006", "Алдаспан-2008", сондай-ақ ТМД Қарулы Күштерімен және Шанхай ұйымының мүшелерімен бірлескен «Ынтымақтастық - өзара іс - қимыл - 2009","Бейбіт миссия-2010" жедел-тактикалық оқу-жаттығуларға қатысты. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатыса отырып, жеке құрам бірнеше рет әскери Анттың, Жарғылардың үлгілі орындалуын, ар-намыс пен қадір-қасиеттің, батылдық пен ерліктің үлгісін көрсетті.
2000 жылы бөлім әскери қызметшілері Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерді орындады.
2002 жылы Түркістан қаласында 22-24 қазан аралығында 2-ші дүниежүзілік қазақ құрылтайы өтті. Аталған іс-шараны өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қорғау мақсатында бөлімнің 500-ден астам әскери қызметшісі жұмылдырылды. 2005 жылдың ақпан айында бөлімнің қызметшілері Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының тұрғындарына төтенше жағдайдың салдарын жоюға, ал 2008 жылы Сарыағаш ауданындағы, 2020 жылы Мақтарал ауданындағы су тасқыны орын алған аймақтардағы халықтың қауіпсіздігі үшін жауынгерлік қызметте жүрді. Сонымен қатар, 2019 жылы Арыс қаласында әскери аумақта орын алған жарылыс кезінде де біздің жауынгерлер тәулік бойы тұрғындардың үй-жайларындағы және әкімшілік ғимараттардағы мемлекуеттік мүліктің сақталуын тәулік бойы күзетті.
Біздің жауынгерлер күн сайын Шымкент қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті күзету бойынша қызметтік - жауынгерлік міндеттерді орындайды. Күнделікті жауынгерлік қызметте олар әртүрлі қауіп қатермен бетпе-бет келеді. Бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауынгерлік қызметте көптеген әскери қызметшілеріміз батылдық танытып, көмек қажет болған қарапайым тұрғынның қасынан табылып, қолдарынан келер барлық көмектерін аяған емес.
Бөлім тарихының жаңа беттерін бүгінде жас әскери қызметшілер қызметтік-жауынгерлік міндеттерді үлгілі орындаумен жазып келеді.
Кешегі жыл басында орын алған «Қайғылы қаңтар» оқиғасында да ішкі тыныштығымызды күзету басты міндетіміз екенін жете сезінген жеке құрам офицерлерден бастап, сарбаздарға дейін құқық бұзушылармен күресте алдыңғы қатарда тұрды. Қарапайым ғана бөлімше командирі қатардағы жауынгер Ташкенбаев Самандар ерлік көрсетіп, өзінің өміріне төнген қауіпке қарамастан қаншама адамды ажалдан арашалап қалды. Батыл жауынгеріміздің көзсіз ерлігі жоғары қолбасшылық тарапынан ерекше бағаланып, Президентіміздің Жарлығымен 3 дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Мұның барлығы біздің бөлімнің жеке құрамының тәуелсіз еліміздің құқықтық тәртібін күзетудегі адал да арлы еңбегі мен қырағы да батыл қызметінің жетістігі деп білемін.
- Бауыржан Оңғарбайұлы, әскери қызмет жолыңыз қалай басталды, әскери мамандықты таңдауға не себеп болды?
Мен өзім осы Оңтүстік өңірінің азаматымын. Қазіргі Түркістан облысы Темірлан елді мекенінде дүниеге келдім. Әкем де, анам да жоғары білімді қарапайым ғана мемлекеттік қызметкерлер болды. Мектеп қабырғасында жүргенде ата-анамның «Білімді бол, оқыған адам ғана өмірден орнын табады» деп үнемі айтып жүретін тәлім-тәрбиесінің арқасында сабақты жақсы оқыдым. Қоғамдық жұмыстарға да, мәдени-спорттық шараларға да бел шешіп кірісетінмін. 11-сыныпты аяқтаған соң әкемнің ақыл кеңесімен Алматы қаласындағы ҰҚК әскери оқу орнына ішкі әскерлер факультетіне құжатымды тапсырдым. Бір ай дайындықтан соң емтихан тапсырып, барлық сынақтан жақсы өтіп оқуға түстім. Әскери оқу орнының табалдырығын аттаған соң, арқама артылған жүк пен жауапкершіліктің салмағын сезіндім. Бар күш-жігерімді оқуға арнадым. 2002 жылы алғаш «лейтенант» офицер шенін алып, Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінде взвод командирі болып қызметімді бастадым. Сол кезде офицер атанған барлығымыздың мақсатымыз - тек қана Отанға адал қызмет ету болды. Міне сол уақыттан бастап рота командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, рота командирі, штаб бастығы, батальон командирі сияқты әскери лауазымдардың барлық сатысынан абыроймен өттім. Кезі келгенде әскери академияны да бітірдім. Енді міне сол мақсатыма жеттім десем де болады. 1998 жылы мектепті аяқтағаннан кейін, әскери қызметіме байланысты араға 22 жыл салып, туған жеріме оралып, өз өлкемнің игілігі үшін қызмет атқару бұйырды. Жауынгерлеріме бар білгенімді үйретіп, тәуелсіз еліміздің тыныштығы үшін қызмет етіп жүрміз.
- «Лейтенант» шенінен «Полковник» шеніне дейін қаншама қызмет жолынан өтіпсіз. Тағлымды тәжірбиеңіз де аз емес. Жауынгерлік қызметте есте қалған оқиғалар болса бөліссеңіз?
Павлодар қаласында қызметте болған кезім. Қазіргі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары халық қаһарманы - полковник Үмбетов Қайрат Жарылқасынұлы біздің әскери бөлімнің командирі болатын. Қызметтік кабинетіне кірсем, өзінің әскери формасын тазалап іліп жатыр екен. Бірден кеудесіндегі әскери академияны бітіргендігін білдіретін пішіні ромб төс белгіге көзім түсті де, қызығып қарап, ішімнен мен де осындай дәрежеге жетсем деп ойладым. Полковник Қайрат Жарылқасынұлы да менің ойымды тоқығандай сол сәт ақыл-кеңесін айтып, қызметіме сәттілік тілеген болатын. Ол мақсатым да орындалды. Адам мақсат қойса, оның орындалуы жолында тынбай еңбек етсе, міндетті түрде орындалады екен. Соған көзім анық жетті.
- Жасыратыны жоқ қазіргі қоғамда әскери қызметке көзқарастың суығанын байқауға болады. Оған себепті де білесіз, қазіргі жастардың әскерге келуге құлықсыздығына не әсер етуі мүмкін?
Бұл жағдайларға бір жақтама баға беріп, біреуді даттап, біреуді мақтауға менің құлқым да, құқығым да жоқ. Алайда бір айтарым, тәрбие отбасынан басталады. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген халықтың дана сөзі дәл айтылған. Бұрынғы кезде ата-анамыз, ата-әжеміз «Өскенде мектепке барасың, оқисың, әскерге барасың, бір маман иесі боласың» деп үнемі құлағымызға құйып отыратын. Әскерге бару ол біздің қасиетті парызымыз екенін бала кезден санамызда сайрап тұрды. Қазір заманауи техниканың дамыған кезі, интернет, әлеуметтік желі - мұның бәрі балаға, оның көзқарасына әсер ететіні анық, дегенмен де Отанға деген ыстық сезім кез-келген баланың тәрбиесінде, санасында болуы тиіс. Оны қандай жолмен болсын баланың бойына сіңіру ата-ана ретінде біздің парызымыз.
Әскер - бұл ер жігітті шынықтыратын, шыңдайтын орта. Ер азаматтың қас-қабағына қарап, жағдайын жасап, мәпелеп отыратын мекеме емес. Онда отбасын, Отанын қорғайтын, сол жолда кез-келген қиыншылықтарды жеңіп шығатын батыл, қайратты, рухты азаматтарды дайындайды. Әскер болған соң, тәртіпке бағыну, бұйрықты орындау - ол бірінші кезекте. Қазіргі таңда ата-аналармен сондай түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп отыру қажет сияқты.
- Қайта жаңғырған ұлттық мерекемізге арналған құттықтау тілегіңіз.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша Республикамыздың Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды.
Айта кетейік, тәуелсіздік алғалы 25 қазан - Республика күні ретінде тойланып келді. Алайда бұл күн мемлекеттік мерекелер тізімінен 2009 жылы алынып тасталған еді. Енді міне, биылдан бастап араға жылдар салып, 25 қазан - Республика күнінің тарихи маңыздылығы мен құндылығы еленіп, қайта жаңғырған ұлттық мерекелер қатарына енді.Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Айбынды әскеріміздің мерейі мен мәртебесі биік болсын! Әрбір шаңыраққа шаттық пен береке, мол ырыс тілеймін!
- Салихалы сұхбатыңыз үшін алғыс айтамын, қызметіңіз жеңісті де, жемісті болсын!