Отандық жүк тасымалдаушыларға артық талап қоймау керек - Смайылов

Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау саласының дамуы экономиканың барлық секторларына оң әсерін тигізеді. Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Оның айтуынша, Қазақстан арқылы халықаралық 8 автомобиль дәлізі өтеді. Олардың жалпы ұзындығы  шамамен - 13 мың км.

Негізгі күре жолдардың қатарында  Батыс Еуропа – Батыс Қытай,  Солтүстік – Оңтүстік,  ТРАСЕКА   және басқаларын айтуға болады. Сондықтан аталған бағыттар бойынша жүк тасымалын ұлғайту   және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бұл саладағы кедергілерді барынша қысқарту қажет. Олардың қатарына шекарадағы кептелістер мен   құжаттардың ұзақ рәсімделуін, инфрақұрылым сапасын, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын   және көптеген басқа да жайттарды жатқызуға болады. Көлік иелерінен   келіп түсетін шағымдар көбіне осы мәселелерге қатысты. Сонымен қатар жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызады, - деді Смайылов.

Смайыловтың айтуынша, жүктерді бөліп-таратудың аса маңызды инфрақұрылымдық буыны саналатын бонд қоймаларын дамыту қажет.

Мұндай әлемдік тәжірибе   біздегі өткізу пункттердің   жүктемесін азайтып,   тасымал көлемін ұлғайтуға  мүмкіндік береді. Сондай-ақ, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беретін бланкілерді бөлуде де проблемалар бар. Мұндай рұқсаттарды біз көптеген мемлекеттермен   паритет негізінде алып отырмыз.  Отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарап, оларға артық талап қоймау қажет, - деді Үкімет басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы