Отандық зауыттарға талдау жүргізілуде – ИИДМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай ИИДМ Индустриялық даму комитеті автокөлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын отандық зауыттарда оқшаулау деңгейіне қатысты талаптардың сақталуына талдау жүргізуде.

Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Осыған орай Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов бастаған арнайы комиссия Ақмола облысына іс-сапармен барды. Сапар аясында комиссия мүшелері өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС мен «Kazrost Engineering Ltd» кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

 «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» 2010 жылы құрылған. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы, арнайы мамандандырылған және коммуналдық мақсаттағы техникаларды құрастырумен және жеткізумен айналысады. Зауыттың өндірістік қуаттылығы техниканың бірнеше түрін шығаруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бүгінде кәсіпорын 2000 сериялы RSM қуатқа қаныққан тракторлар, ACROS, TORUM астық жинайтын комбайндар, топырақ өңдеу техникасы мен «ПРФ-145» рулонды пресс-жинағыштарды және трактор тіркемелерін шығарады. 

Зауыттың бас директоры Олег Балыбиннің айтуынша, кәсіпорынның ағымдағы өндірістік қуаты жылына 4 мың бірліктен астам техниканы шығаруға қауқарлы. Екінші және үшінші кезек іске қосылғаннан кейін жалпы жоспарланған өндірістік қуат жылына 10 мың бірлік техникаға дейін жетпек.

Ал «Kazrost Engineering Ltd» компаниясының басты қызметі «Vector 410», «Acros 550» астық жинау комбайндарын, YTO-X904, YTO-X1304 сериялы шағын және орта қуатты тракторларды құрастыруға және оларды тұтынушыларға жеткізуге бағытталған. Ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті жиынтықтар «Ростсельмаш» ЖШҚ, «Клевер» АҚ, «YTO International» сынды шетелдік кәсіпорындардан жеткізіледі.

Компанияның басқарушы директоры Қайрат Қалманбаев өндіріс ошағының жылына мыңнан астам комбайн шығаруға мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Қазіргі күндеу зауытта 160-тан астам адам еңбек етуде. Кәсіпорын аумағында метал кесетін цех, дәнекерлеу құралдары, компрессорлар және өндіріске қажетті басқа да жабдықтар бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы