Отандық туризмнің жай-күйі. Кәсіпкерлер неге алаңдайды

Жолдардың нашарлығы, дәретханалардың болмауы мен интернет байланысының нашарлығы. Ертіс өңірінің ішкі туризмін дамыту үшін бұл мәселелерді шешу керек, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Күрмеуі қалың мәселелерді туризм және қонақүй бизнесі жөніндегі салалық кеңес мүшелері көтерді. Қызмет көрсетуші ұйым өкілдері жол инфрақұрылымына қатысты шағымдарын айтты.

«Саят-Тур» туристік агенттігі Шарбақты ауданындағы Маралды тұзды көлінің жағасында демалыс базасын ашқан. Туристер бірегей су айдынының шипалы батпағы мен тұзды суымен сауығуға ағылады. Алайда, кей проблема демалыс аймағына кедергісіз жетуге кері әсерін тигізіп келеді.

Кәсіпорын директоры Гүлмира Отарғалиеваның айтуынша, Шарбақты ауданының орталығына апаратын жолдың жағдайы жаман емес, бірақ, Павлодар қаласынан Жетекші ауылына дейінгі асфальт жөндеуді қажет етеді.

Техникалық талаптарға орай туристік нысандар электр энергиясымен тұрақты қамтылуы шарт. Демалушылардың ыңғайлылығы үшін интернет сапасы да жақсы болуы керек. Өкінішіке қарай, кей жерде ғаламтор байланысының сапасы тым төмен. Өзге демалыс базаларына апаратын тас жолдардың бойындағы сервистерге тоқталайық. Павлодар облысынан Семей қаласы бағытындағы жолда санитарлық нормаларға сай келетін жалғыз дәретхана жұмыс істемей тұр. Он күн бұрын жолға шыққан кезде осыған көз жеткіздім. Шарбақты ауданынан Ресей шекарасына дейінгі жолда бірде бір санитарлық-гигиеналық торап жоқ. Жолдардың бойында дәретхана болуы керек, - дейді Гүлмира Отарғалиева.

Жазғы демалыс кезеңінде тәжірибелі экскурсия жүргізушілердің аздығы мәселесі де бар. Мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарымен ортақ курстар өткізу жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы