Отандық спорт туралы кітап жарыққа шықты
Қазақтың көк туын халықаралық жарыстарда желбіретіп жүрген танымал спортшылардың өмірі жайлы кітап таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елдос Сметов, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова сынды 17 спортшының балалық шағын, спорттағы жолын баяндайтын «Чемпиондыққа жетелеген жол» атты туындының таныстыру іс-шарасы өтті.
Өмір бойы қоғамға пайдасын тигізетін кітап жазуды армандадым. Тіпті 2 мәрте жазған шығармамды сол күйі жарияламадым. Міне енді күтпеген жерден еліміздің талантты спорт жұлдыздарының өмірі туралы кітапты жазып шықтым. Неге? Себебі, көпшілік әр спортшының бәсекесін тек 4 жылда бір рет өтетін Олимпиадада ғана тамашалап, сол бойынша қорытындысын шығарады. Алайда отандастарымыздың Олимпиадада өнер көрсету үшін, төккен тері, қиыншылығы кадрдан тыс қалады. Міне осындай ерекшеліктерді көрерменге таныстырғымыз келді. 200 беттен асатын кітапты жазуға 6 айдан астам уақыт кетті. Ең оңай кейіпкер — Дмитрий Баландин деп айтар едім. Өйткені оның өмірін бастап жазу арқылы кітабыма кірісіп кеткен едім. Міне осылайша үлкен жобамның бастауы болды, — деді кітап авторы Унзила Мыңбай.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша егер кітап қоғам тарапынан сұранысқа ие болса, өзге де спортшылардың өмірбаянын жарыққа шығару көзделіп отыр.
2008 жылы Илья Ильин Бейжің Олимпиадасында топ жарғанда, мен де көк туымызды желбіреткім келді. Қай спорттан бастасам болады деп бас қатырдым. Бокстағы бәсекелестікті ескеріп, чемпион болу өте қиын екенін білдім. Күрес ұнамады. Тағы да 1-2 спортқа қатыстым. Кейін Орал қаласында мұз айдыны ашылып, шорт-трекке қатысуға шақырды. Қандай спорт екенін білмей, бағымды сынауға бел байладым. Нәтижесінде 2 Олимпиадаға қатыстым. Осындай кітапқа кейіпкер болғаныма әрі шыққанына өте қуаныштымын, — деп шорт-трекші Абзал Әжіғалиев өз пікірін білдірді.