"Отандық өнімді қолдау керек". Депутат Aitu-ге қатысты ойын айтты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Aitu жобасына қатысты ойын білдірді. Депутат отандық өнімге көшу дұрыс үрдіс деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Aitu-ға көшуге ешкім ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқ екенін айтты. Ол депутаттарға ешкім ештеңені міндеттей алмайтынын еске сала кетті.

Aitu – бұл отандық өнім. Қазір қолданып жүрген мессенджерлеріміздің бәрі шетелдік өнім. Қазір цифровизацияға көшіп жатырмыз. Жасанды интеллектіні енгізу туралы да Президентіміз айтып келеді. Цифрлық кодекс әзірленіп жатыр. Цифрлық Қазақстанға өтуді көздеп отырмыз. Осындай шешуші сәтте отандық өнімді қолдамасақ, қай уақытта қолдаймыз?! Whats’App, бәрі шетелдің жобалары, - деді депутат.

Базарбек бұл жобаны Президент өзі қолдап отырғанын қоса кетті.

Отандық өнімдер неғұрлым көп болса, біз цифровизацияны да соғұрлым күшейтеміз. Елімізді де біртіндеп жасанды интеллектіге көшіреміз. Сол себепті мен бұл жобаны қолдаймын. Бірақ оны міндеттеп, мәжбүрлеп қолданудан аулақ болуымыз керек. Бұл - бәсеке, нарық. Нарықта жақсы өнім болса, ол өз орнын табады, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Оның сөзінше, егер қауіпсіздікке қатысты мәселелер туындаса, ол бойынша да ұсыныстар болады. Депутат атағандай, жеке деректердің қауіпсіздігі басты назарда болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы