17 Қараша 2026, 10:57 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Отандық өнімді көбірек қолданатын мердігерлерге жеңілдік беру ұсынылды

Мемлекеттік инвестиция есебінен салынатын нысандарда қазақстандық қамту үлесін 60 пайыздан асырған мердігерлерге шартты жеңілдік беру ұсынылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, құрылыс саласында отандық материалдарды пайдалануды ынталандыру үшін сатып алу рәсімдерімен қатар бақылау тетіктерін де жетілдіру қажет.

Мемлекеттік инвестиция есебінен салынатын нысандарда қазақстандық қамтуды арттыру мақсатында жоба сараптамасы мен әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді сұраймыз. Оған қоса, бұл көрсеткіш 60 пайыздан асқан мердігерлерге шартты жеңілдік беруді ұсынамыз, – деді Қанат Шарлапаев.

Ол мемлекеттік сатып алуда қабылданған бірқатар шешім отандық өндірушілердің жұмысын жеңілдеткенін атап өтті. Атап айтқанда, тауар жеткізу мерзімі 60 күнтізбелік күнге дейін ұзартылып, төлем мерзімі 10 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Аванс көлемі 50 пайызға дейін ұлғайтылып, тізілімдегі өнім берушілерге 3 пайыздық шартты жеңілдік берілген.

Шарлапаевтың айтуынша, ендігі міндеттердің бірі – құрылыс жобаларында қазақстандық өнімнің нақты пайдаланылуын қадағалау. Ол үшін отандық тауар өндірушілер тізілімін мемлекеттік сатып алу порталымен байланыстырып, өзге ақпараттық жүйелермен интеграциясын күшейту ұсынылды.

Тізілімге енгізу мерзімдерін нақты бекіту қажеттігі де айтылды. Бүгінде индустриялық сертификаты бар 1 924 кәсіпорын тізілімге автоматты түрде енгізілген. Бір аумақта жұмыс істейтін кәсіпорындарды тіркеу мәселесі реттеліп, тізілімге енгізу және одан шығару туралы шешімдерді қайта қарау тетігі іске қосылған.

Өндірушілерге төлемді уақтылы алу маңызды

Қанат Шарлапаев кәсіпорындардың тұрақты жұмысы тапсырыс берушінің уақтылы төлем жасауына тікелей байланысты екенін айтты. 

Мемлекеттік сатып алуда төлем мерзімінің қысқаруы өндірушілерге қолдау болғанымен, ірі компанияларға тауар жеткізетін кәсіпорындар үшін де қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту қажет. Осыған байланысты Қазақстанда факторинг нарығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, қабылдауды ұсынамын, - деді ол.

Жоспар жеткізілімдер мен ақшалай талаптарды электронды растауды жеңілдетуге және өндірушілердің қаражатқа қолжетімділігін арттыруға бағытталуға тиіс.

Сондай-ақ Қанат Шарлапаев ішкі нарықты сұр импорттан, демпингтен және жалған өнімдерден қорғау жөніндегі ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажеттігін жеткізді.

Агроөнім экспортын қолдау үшін тамақ өнімдерінің өңделу деңгейін бағалау өлшемшарттарын қайта қарауды ұсынамын, - деді төраға.

Бұған қоса, субсидиялауға және көлік шығындарын өтеуге қаражатты кезең-кезеңімен бөлу мүмкіндігін қарастыру сұралды.