Отандық мақтаны толық ел ішінде өңдеу жоспарланып отыр – Өскенбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Жоспарланып отырған жобалар отандық мақтаны түгелдей ел ішінде қайта өңдеуге, сондай-ақ иірімжіп экспортын 3 есе, 50 млн АҚШ долларына дейін, мата экспортын 5 есе, 40 млн АҚШ долларына дейін, трикотаж бұйымдары экспортын 48 млн АҚШ долларына дейін арттырып, ішкі нарықта 48 млн АҚШ долларына импортты алмастыруға мүмкіндік береді, - деді Өскенбаев.
Министр жүн бойынша 3 фабрика салу жоспарланып отырғанын айтты.
Бұл ішкі нарықта 5,5 млрд теңгеге импортты алмастыруға және экспорт көлемін 10 млн АҚШ долларына дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ірі қара мал терілері бойынша тері өңдеу фабрикасын салу жоспарлануда. Бұл ішкі нарықта 3,6 млрд теңгеге импортты алмастыруға және экспорт көлемін 19,3 млн АҚШ долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, талдау отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мемлекеттік тапсырысқа арқа сүйейтінін және коммерциялық сегментке бағдарланбағанын көрсетті.
Бұл бағытта 8 млрд АҚШ доллары (ЕАЭО-дан киім импорты) көлемінде ірі тауашалар бар. Бұл мәселені шешу үшін көршілес елдердің жеңіл өнеркәсіп компанияларымен келіссөздер жүргізілді. Қазірдің өзінде кейбір ірі инвесторлар өз жобаларын елімізде іске асырып, Ресей Федерациясына экспортқа бағыттауға мүдделі болып отыр, - деді ИИДМ басшысы.