Бүгiн 2026, 13:45 Фото: pexels.com

Отандық киноға тосқауыл болған талап күшін жойды

Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінің қазақстандық фильмдерге қатысты заңсыз талап қойғаны анықталды.

Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінің қазақстандық фильмдерге қатысты заңсыз талап қойғаны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жайтты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қалалық департаменті тексеру барысында әшкерелеген. Тергеу қорытындысына сәйкес, кинотеатрлар желісі нарықтағы үстем жағдайын пайдаланып, отандық фильм продюсерлерін міндетті түрде жарнама шығындарын төлеуге мәжбүрлеген. Егер бұл талап орындалмаса, фильмдер прокатқа шығарылмаған.

Агенттік мұндай әрекеттер бәсекелестікті шектеп, нарық қатысушыларының құқықтарын бұзғанын және қазақстандық киноөндірушілердің прокат нарығына кіруіне кедергі келтіріп, ұлттық кинематографияның дамуына кері әсер еткенін атап өтті.

Осыған байланысты кинотеатрлар желісіне бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері бойынша ресми хабарлама жолданған. Құжатты қарағаннан кейін компания анықталған заңбұзушылықтарды жойған.

Нәтижесінде, енді қазақстандық фильмдер прокатқа шығу үшін міндетті жарнама төлемдерін төлеуден босатылды. Режиссерлер де фильмдерін экранға шығару үшін қосымша «жарна» төлеуге міндеттелмейді.