Отандық кәсіпорындар мемлекеттік қолдаумен үнемді технологияларды енгізуге мүмкіндік алды

QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы Astana Ceramic компаниясына өндіріс процесін үнемдеуге септесетін элементтерді енгізуге жұмсалған шығындардың 30%-ын өтеуге қолғабыс етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған компания жапониялық Kaizen философиясын тиімді қолдану арқылы керамикалық кірпіштің өндірісін 15%-ға ұлғайтып, жұмыс өнімділігін арттыра түсті.

Қазір Қазақстанның өнеркәсіп кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау арқылы еңбек өнімділігін ұлғайтатын технологияларды енгізуге барынша жағдай қарастырылған. Бұл өнім өндірісінің тиімділігін жақсартуға арналған шығындардың белгілі бір бөлігін өтеу аясында қолға алынды. Мұндай қызметті QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы көрсетіп келеді.

Kaizen-нің негізгі идеясы кәсіпті тиімді басқару, яғни шығынға әкелетін процестерді алдын алу, сонымен қатар әр қызметкердің жұмысын жеңілдетіп, тұтынушыға бағдарланған қызметті жолға қоюды көздейді. Оған басшылардан бастап техникалық персоналға дейін қатысуы маңызды.

Зауыт жылына 30 млн керамикалық кірпіштің 3 түрін шығарып келеді. 2018 жылы кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізілгенімен кейбір учаскелерде функционалды қызметке байланысты белгілі бір қиындықтарға тап болдық. Сондықтан қажетсіз шығындарды алдын алып, тәртіпті реттеу қажет болды,-  деді Astana Ceramic ЖШС жоба жетекшісі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженер Серік Қожаханов.

Сол себепті зауыт басшылығы жоғарыда айталған күншығыс елінің іскерлік философиясын енгізуді құптаған. Осы мақсатта 2022 жылы Жапониядан білімін жетілдіріп келген арнайы сарапшы шақыртылыпты. Кәсіпорында екі апта бойы жоғары және орта буындағы персоналға арналған оқыту семинарлары өткізіліп, нәтижесінде өзекті учаскелерде бірқатар жаңашылдық енгізілді.

Сондай-ақ орта және жоғары буындағы басшыларға Kaizen бойынша жұмыстарын жүйелеу үшін техникалық кеңес құрылды. Ал цехтарда 5S жұмыс кеңістігін ұйымдастырып, оңтайландыру жүйесі енгізілді. Оған 5 қадам кіреді: сұрыптау, тәртіп пен тазалықты сақтау, стандарттау және жетілдіру.

Бұл арқылы QazIndustry Astana Ceramic-тің аталған жүйені өндіріске енгізуге байланысты шығындарының 30% өтеп берді.

Осы орайда жапониялық жүйе енгізілгеннен кейін кәсіпорында өнім өндірісі 15%-ға артып, электр энергиясы 10%-ға және шикізат пен компоненттерді үнемдеу 5%-ға жеткен. Сонымен қатар маман тапшылығы 10%-ға азайып, қосалқы бөлшектердің шығыны 15%-ға төмендеді. Қолға алынған амал арқылы зауыт толық өндіріс қуатына шықты.

Astana Ceramic ЖШС 2007 жылы Ақмола облысындағы «Бошан» кірпіш зауытының негізінде құрылғанын айта кеткен орынды. Мұнда кірпіш өндірісіне қажетті шикізат Үшкөл кен орнының маңынан жеткізіліп отырады. Шығарылған өнімдер құрылыс саласында кең қолданылып келеді. Кәсіпорын Ақмола облысында ірі көлемдегі керамикалық блоктар өндірумен айналысатын жалғыз зауыт саналады. Қазір өндіріс орнында 70 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта зауыт инфрақұрылымды дамыту арқылы әлеуметтік жобаларға да қатысуды жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ИИДМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы