Отандық ғалымдар жел генераторын ойлап шығарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің ғалымдары жел энергиясын қауіпсіз әрі тиімді пайдалануға арналған жел генераторын ойлап тапты.
Бұл туралы Ғылым қорының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Белгілі болғандай, құрылғы қатты желге төтеп беріп, аз жел жылдамдығы кезінде электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Жүргізілген патенттік зерттеулерге сәйкес мұндай құрылғының ТМД-да баламасы жоқ деп отыр ғалымдар.
Біз еліміздің климаттық жағдайына бейімделген отандық генераторды ойлап шығардық. Жел, күн мен өзендердің су ресурстарының қуатын қолданып, оны электр энергиясына айналдырамыз. Электр энергиясын тиімді түрлендіруді қамтамасыз ететін ең заманауи әрі сенімді техникалық шешімдерді пайдаланамыз, - деп атап өтті жоба жетекшісі Жанболат Мұзбаев.
Өнімді Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Индонезия, БАӘ сынды елдерге экспорттау мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жобаға Ғылым қоры гранттық қолдау көрсеткен.
Бірегей әзірлеме – 10 кВт/сағатқа дейін жел турбинасын шығарады. Ондай генераторларды орнату электр қуатынан алыста орналасқан желілерді электрмен жабдықтау проблемасын шешуге жол ашады дейді мамандар.
Жел құрылғысы шағын жер телімдеріне орнатуға ыңғайлы. +40 градус аптақ ыстық пен -50 градус аязға төтеп берет алатындай сапалы материалдардан жасалады.
Қазір ғалымдар өз станцияларын Алматы облысының аумағындағы республикалық магистралдық тасжолдарға орнатып жатыр.