Отандық дәрігерлер АҚШ орталықтарымен бірігіп инфекциялық емес ауруларды қадағалайды

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстандағы АҚШ ауруларды бақылау және профилактикасы орталықтарының (CDC) елдік офисінің директоры, доктор Александр Миллманнмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.

Тараптар екіжақты ынтымақтастық және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Ведомство басшысы CDC-дің төтенше жағдайларға ден қоюға, зооноздық аурулар бойынша зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ АИТВ-ның профилактикасына және емдеуге қосқан елеулі үлесін атап өтті.

CDC қолдауымен құрылған Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталығын нығайтуға ерекше назар аударылды. Министр Орталық маңызды инфекциялық аурулар бойынша орта мерзімді болжамдарды әзірлеуде және вакцинамен басқарылатын ауруларды бақылауды күшейтуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесуде сондай-ақ кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері, инфекциялық қауіптерге тез ден қою үшін зертханалық диагностика мен респираторлық ауруларды қадағалау деңгейін арттырудың маңыздылығы талқыланды.

Соңында тараптар зооноздық аурулар,биоинформатика және инфекциялық емес аурулар саласында бірлескен зерттеулер жүргізуді қоса алғанда, әріптестікті одан әрі тереңдету туралы уағдаласты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы