Отандық автомобиль өндірісі 24%-ға артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаевпен кездесті.

Машина жасаушылар одағының басшысы саланың жай-күйі, сыртқы факторлардың әсері жағдайында алда тұрған міндеттер мен даму перспективалары туралы баяндап берді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша темір жол машинасын жасау 300%-ға, ауыл шаруашылығы машинасын жасау 50,4%-ға, тау-кен металлургиясы машинасын жасау 29,3%-ға, автомобиль өндірісі 24%-ға, электротехникалық машина жасау 16,7%-ға және мұнай-газ машинасын жасау 14,2%-ға елеулі өсім көрсетті.

Кездесу барысында Машина жасау саласын дамытудың 2024 жылға дейінгі жол картасын іске асыру, сала кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету, жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту үшін қолжетімді қаражат бөлу, отандық тауар өндірушілермен оффтэйк-келісімшарттар жасасу, сондай-ақ машина жасау саласындағы өндіріс көлемін арттыру мәселелері ортаға салынды.

Мейрам Пішембаевтың айтуынша, 2021 жылы импорттың жалпы көлемі $41 млрд құрады, оның ішінде $17 млрд немесе 41%-ы отандық машина жасау өнімдеріне тиесілі. Осыған байланысты импортты отандық өндіріспен алмастыру мәселесі аталған нарықты дамытып, экспортқа шығу үшін өте өзекті болып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Үкімет Қазақстанда машина жасауды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жұмысын одан әрі жалғастыратынын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы