Отандық әуекомпания кішкентай жолаушыдан кешірім сұрады
21 шілдеде кәмелетке толмаған жолаушы Зере Галиева KC 7367 рейсімен Астанадан Орал қаласына ұшып шыға алмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
FlyArystan әуекомпаниясы Мусина ханымнан және оның қызы Зереден ресми түрде кешірім сұрап, жағдайды түсіндірді.
21 шілде күні Зере Галиева әпкесі Зәуре Галиевамен және оларды жетелеуші жолаушымен бірге ұшудан 50 минут бұрын тіркеу бағанасына келді. Жолаушылар онлайн тіркеуден өтпегендіктен отырғызу талондарын тіркеу бағанасында алуды жоспарлаған. Алайда, бұған дейін әуе кемесі жолаушылар сыйымдылығы аз ұшаққа ауыстырылғандықтан, әуекомпания Зере Галиеваға ұшақ бортынан орын бере алмады. Әуекомпания агенттері борттағы жолаушыларға Зереге орын беру туралы өтініш білдіріп, өтемақы ұсынды. Өкінішке орай, жолаушылар арасында ерікті табылған жоқ. Әуекомпания өкілдері жағдайды жетелеуші тұлғаға және баланың анасына түсіндіріп, Зере Галиева мен оның анасының құрбысына қонақүйден тұрақтауға орын, сондай-ақ, 22 шілде күні жоспарланған Орал қаласына келесі рейске отырғызу талонын және 50 мың теңгеге ваучер ұсынды. Алайда, жолаушының анасының құрбысы қонақүйден бас тартты және заңды өкілінің рұқсатымен баланы өзімен бірге алып кетті. Келесі күні Зере Галиева жетелеушісіз жолаушы бала ретінде бортсеріктердің бақылауымен Оралға ұшты, - деді әуекомпания өкілдері.
Отандық әуетасымалдаушы бұл жағдайдағы өз кінәсін толықтай мойындайтынын атап өтті.
Біз болған оқиғаға шынайы өкініш білдіреміз және бұл жағдай біздің қызмет көрсету стандарттарымызға мүлдем сай келмейтініне сендіргіміз келеді. Шынайы кешірім сұрай отырып, Мусина ханым мен отбасына келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы ұсынуға дайынбыз. FlyArystan бірден қызметтік тексеруді бастады және болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін қолданыстағы қызметтік процедураларды қайта қарауға міндеттенеді, - деп түйіндеді олар.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада ұшақ жолаушыларына шұғыл ескерту жасалған болатын.