Отандық агрохимия саласындағы мәселелер таразыланды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қазақстандық агрохимия кешені саласын дамытуға арналған жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Ашық сағат алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылған бейнебайланыс форматындағы басқосуға ведомство басшылары мен отандық химия өнеркәсібі саласындағы кәсіпорын өкілдері қатысты. Жиынды ҚР ИИДМ вице-министрі Марат Қарабаев ашып, химия өнеркәсібінің ел экономикасындағы маңыздылығын баяндады.
Ұлттық экономиканың стратегиялық әлеуетін нығайтуда қайта өңдеу ісінің жаңа салалары елеулі рөл атқарады. Осы ретте бүгінде мемлекет тарапынан химия өнеркәсібінің қазіргі ахуалы мен ондағы түйіткілді мәселелерге жіті назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тыңайтқыш тапшылығы мен оның құнын асыра бағалаудың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдауды жүктеген болатын, – деп атап өтті вице-министр.
Қазіргі таңда еліміздің агрохимия секторында 84 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан жыл сайын 600 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыштарды импорттайды.
Еліміздегі химия өнеркәсібіндегі басты бағыттардың бірі – минералдық-шикізат ресурстары кешенін тиімді пайдалану және оларды қайта өңдеу. Стратегиялық маңызды саланы өркендету үшін Тараз, Атырау және Павлодар қалаларында арнайы экономикалық аймақтар құрылып, отандық химия өнеркәсібін жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Басты мақсат – еліміздің кіріс әкелетін саласы ретіндегі химия өнеркәсібін дамыту, – деді басқосу барысында ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов.
Өз кезегінде «Қазфосфат» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Ғани Тоқсанбаев, «Қазазот» АҚ бас директорының орынбасары Тахмина Нагуманова, «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС стратегиялық жобалар басқармасының жетекшісі Аршат Қондыбаев, «SRPM Resources Ltd.» кәсіпорнының басшысы Денис Черкашин салада туындаған мәселелерді ортаға салып, оларды шешудің тиімді бағыттарын ұсынды. Сонымен қатар кәсіпорын өкілдері минералды тыңайтқыштар өндірісін дамытудағы тың бастамаларды ортаға салды. Олардың қатарында субсидиялаудың жаңа тетіктерін іске қосу, ғылыми базаны жетілдіру, мұнай-химия өнімдерін өткізу нарығының ауқымын кеңейту сынды мәселелер бар.
Жиынды қорытындылаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев «Ашық сағат алаңында» көтерілген ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын айтты.