Отандық вакцинаның тиімділігі жоғары - профессор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР клиникалық және іргелі медицина академигі, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреев онлайн брифинг барысында QazVac вакцинасына қатысты пікірін білдірді.

Оның айтуынша, қазір қолданылып жатқан вакцинаның бәрі сынақтың барлық түрінен өткен. Күрделі сынақтан өткен соң ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан рұқсат алады. Содан кейін барып қана тәжірибеде қолданылады.

Қазақстанда бұған дейін ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынып келді. Бұл әлем бойынша ең сенімді вакцинаның бірі деп саналады. Сондықтан оны әлемнің 60-тан астам елі пайдалануда, оның ішінде Қазақстан да бар. Сондай-ақ еліміз QazVac отандық вакцинасын жасап шығарды. Ол да қауіпсіз және тиімділігі жоғары, осы екі критери қатаң сақталған. Өйткені ол барлық сынақтан өтті, сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны қолдануға рұқсат берді,-дейді профессор.

Сәкен Әміреев отандық вакцина барлық сынақтан өткенін айта келе одан еш қорқудың қажеті жоқ деген ойын білдірді.

Елімізде салынып жатқан екі вакцинаның қайсын таңдау ол өз қалауыңызда. Дегенмен біз отандық өнімді қолдауымыз керек,-деді ол.

Айта кетсек, бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой отандық вакцинаны тікелей эфирде салдырған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы