Отандық өндірушілердің тауары ЕАЭО-ның өнеркәсіптік тауарлар тізіміне енді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық өндіруші «Қайнар-АКБ» ЖШС 48 тауары ЕАЭО мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларының Еуразиялық тізіліміне енгізілді. Бұл ЕАЭО мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде оларға тең жағдайларды қамтамасыз етеді.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы 12 қаңтарда ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына еркін қатысу мақсатында тауарлардың жекелеген түрлері үшін шығу елін анықтау Қағидалары күшіне енді. Қағидалар тауарларды өндіру шарттарына қойылатын өнеркәсіптің 10 саласы бойынша талаптарды қамтиды. Қорғасын аккумуляторларын өндіруге қойылатын жалпы талаптар осы жылдың мамыр айында анықталған - делінген Сауда және интеграция министрлігі таратқан ақпаратта.

ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатысу үшін мүше мемлекеттердің өндірушілері жалпы Қағидаларға сәйкес болуы және Тізілімге енгізілуі қажет.

Тізілімге енгізу үшін қазақстандық өндіруші Сараптама ұйымдарынан сараптама актісін алуы керек. Осыдан кейін өндіруші тауарды Тізілімге енгізу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүгінеді. Өз кезегінде ИИДМ өтінімді ЕЭК жібереді, онда құжаттардың сәйкестігін тексеру жүргізіп, тауар мен өндірушіні Тізілімге енгізеді.

Өнімнің Тізілімде болуы қазақстандық өндірушілерге ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына кедергісіз қатысуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде тауарлар үшін бірыңғай критерилер кооперациялық өндірістердің қолайлы дамуына ықпал ететінін және ЕАЭО өндірушілерімен тең шарттарда бәсекелесуге мүмкіндік беретінін ескеру маңызды. Сондықтан ЕАЭО елдерінің сарапшылары бизнес-қоғамдастықтардың қатысуымен Қағидаларға енгізу үшін тауарлардың жаңа түрлері бойынша өндірудің жалпы шарттарын қалыптастыруды жалғастыруда. Осыған байланысты, өндірушілер өнімді Тізілімге енгізу мақсатында келіссөздерге белсенді қатысуға шақырамыз - дейді министрлік өкілдері.

Тізілімге енгізілген тауарлар туралы ақпаратты мына сілтеме бойынша қарауға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы