Отандық өнімдер 119 елге экспортталады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан 800 жуық өнімін 119 елге экспорттайды. Қазақстанның экспорттық қоржыны жыл сайын орта есеппен алғанда 5 және 8 өнім топтарымен толықтырылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов Үкімен үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.


«Былтыр 11 ай ішінде экспорттың көлемі 54,7 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,4% өсті. Шикізаттық емес тауарлар көлемі 2,9%  артып, 14,3 млрд АҚШ долларын құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі экспорттың үлесі соңғы 5 жылда 9%  өсті»,- деді вице-министр.

Оның айтуынша, экспортты ілгерілету мақсатында бүгінде мемлекеттік қолдаудың әртүрлі қаржылық және қаржылық емес шаралары көрсетіліп отыр. 

«2018 жылдың қорытындысы бойынша қаржылық қолдау шараларының шеңберінде KazakhExport компаниясы бағыты бойынша 50 экспорттаушыға қолдау көрсетті. Оның ішінде 27 кәсіпорын алғаш рет аталған қолдауды пайдаланды. Қолдау көрсетілген экспорттық келісімшарттардың сомасы 419,7 млрд теңгені құрады», - деді Қабыкенов.

2018 жылы экспорттаушыларға сервистік қолдау көрсету аясында 400 астам экспорттаушының қатысуымен шетелде 50 астам іс-шаралар өткізілген. Қазақстандық экспорттаушылар шетелдегі көрмелер мен сауда миссияларына қатысу арқылы шамамен 500 млн АҚШ долларын құрайтын 100 астам экспорттық келісімшарт жасауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда қазақстандық өнімдерді РФ, ҚХР, Украина, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан сиқты жақын маңдағы елдерге экспорттауды арттыруға мүмкіндік бар. Машина жасау, тамақ, сүт өнімдері және құрылыс материалдары – негізгі әлеуетті өнімдер.
Назерке АБИБУЛЛА
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы