Отандық кәсіпкерлер үшін қолдау аясы кеңейіп келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Самұрық-Қазына" қоры дағдарыс кезінде Президенттің тапсырмасына сәйкес, ел экономикасының нақты секторын қолдауға бағытталған сатып алу тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы онлайн баспасөз мәслихаты барысында Қор Басқарма төрағасының орынбасары Әлішер Пірметов айтты.
Сатып алу жүйесі бүгінде компанияның операциялық қызметінің элементі ғана емес. Қазіргі жағдайда оның рөлі едәуір артып келеді. Ел президенті төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытындысы отырысында мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алуды сауатты пайдалануды экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің құралы ретінде қарастыру қажет екенін айтқан болатын. Соның дәлелі әрі шағын және орта бизнесті қолдаудың нақты тиімді тетіктерінің бірі - бұл Қордың бастамасымен импортты алмастыру бағдарламасы болып отыр, - дейді басқарма төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, 2018 жылдан бастап Қордың сатып алу жүйесінде "оффтейк-келісім" жүйесі енгізіліп, дамытылуда екен. Аталған бағдарлама 3 негізгі кезеңде жүзеге асырылады.
Бұл үшін үнемі тұрақты сұранысқа ие елімізде өндірілмейтін тауарлар желісін қалыптастырамыз. Бүгінгі таңда тізімге 1200-ден астам тауарлар енгізілген. Олардың ұзақмерзімді қажеттілігі 200 млрд теңгеден асады. Арнайы құрылған комиссия біздің кәсіпкерлердің жаңа әрі импортты алмастыратын өндірістер құруды ұсынатын жобаларын қарастырады. Яғни, бүгінгі таңда бизнес бізді емес, біз бизнесті іздеудеміз. Олар үшін қолайлы шарттар ұсынылып отыр. Осы бағдарлама аясында 71 компаниядан 110 жоба ұсынылды, - дейді Әлішер Пірметов.
Оның айтуынша, 110 жобаның 37 жобасы компания тарапынан қолдау тапқан. Бұл машина жасау, химия, телекоммуникация және т.б. салаларға қатысты жобалар.
Осы жобаларға жоспарланған инвестициялар көлемі шамамен 218 млрд теңгені құрайды және 2000 жаңа жұмыс орны ашылады. Қолдау көрсетілетін жобалар үшін Қордың еншілес компанияларымен кепілдемелік келісімдер жасалады. Қордың еншілес компаниялары 22 млрд теңгеге 35 келісімшарт жасасты. Мәселен, Қор инвестициясы 65 млрд теңге болатын метанол зауытының құрылысын, сондай-ақ 821 миллион теңге инвестиция салынған энергетика саласында қолданылатын электрсүзгі элементтерін шығару жобасын қолдады, - деді басқарма төрағасының орынбасары.
Ол қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында компаниялар тобының сатып алуларына қолжетімділік жеңілдетілгенін атап өтті.
Атап айтқанда, тауар өндірушілер тендерге өтінім беруден және келісімшарттарды енгізуден босатылды. Сатып алу мерзімі 41 күннен 31 күнге қысқартылды.Тендер бойынша құжаттар көлемі 12 күннен 9 күнге дейін, баға ұсыныстарын сұрату 6 күнге дейін қысқарған.
Сонымен қатар, Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін төтенше жағдай талаптарына байланысты айыппұл санкциялары мен бизнеспен шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін сенімсіз жеткізушілер тізіміне енгізу тоқтатылғанын айтты.
Сатып алу стандартында қазақстандық материалдар мен жабдықтарды жобалау-сметалық құжаттаманы жасау кезінде қолдануға міндеттелді. Осы нормаларды бұзғаны үшін айыппұл санкциялары қарастырылған. Қор компанияларына 500 млн теңгеге дейін сатып алу кезінде жұмыс орындарын сақтау жөніндегі меморандумдар/келісімдер жасауды пысықтау тапсырылды. Бүгінгі таңда қызметкерлердің қысқаруына жол бермеу бойынша бизнес міндеттемелері бар 800-ге жуық келісімге қол қойылды. Сатып алу жеңімпаздары 163 компания жаңа жұмыс орындарын құру бойынша міндеттемелер қабылдады, - дейді басқарма төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар, ол Қор үшінші жыл қатарынан отандық бизнесмендер үшін сатып алу шарттарын жақсартып жатқанын айтты.