Отандасымыз Құран кітабын орыс тіліне аударып шықты

Алматы, Baq.kz, тілшісі. Бүгін Алматыда Құран кітабының орыс тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері өтті.

Аударманың авторы Серік Рысжанов Ислам дінін 1998 жылдан бері зерттеп келе жатқандығын және Құранның бұған дейін орыс тіліне аударылған нұсқаларының барлығымен танысқандығын жеткізді.

«Бұған дейінгі орыс тіліндегі аудармалары мені қанағаттандырмады, олар әр кезеңде, өзге ортада аударылған. 2008 жылы газетте жұмыс істеп жүргенде Құранды аударуды қолға алып, осы тақырыпта бірнеше мақала жаздым. Бізге Құранның аудармалары өзге елдерден келеді, тіптен Ресейден келгеннің өзінде ондағы орта бізден алшақ. Ал біздің елде мұнымен ешкім айналыспады, сондықтан мен оны біздің халыққа түсінікті етіп аударуға тырыстым», -дейді автор.

«Автор бұл аударманы жасаған кезде Құранның түпнұсқа мәтініне сүйенген. Бұл Құранды оқу арқылы көп нәрсеге басқаша көзқараспен қарай бастадым. Мұның себебі аудару тәсілінде деп ойлаймын. Автор Құрандағы мәтіндерді аударғанда басқаша түсінуге жол бермеген. Яғни экстремистік, радикалдық, кемсітушілік мәселесінде өте мұқият болған», -дейді "NAROK" Қорының мүшесі Әл-Фараби Болатжан.

Аударманың авторы Құранды тек араб тілінде оқу керек немесе діни ілімі бар ғұламалардың түсіндіруімен меңгеру керек деген түсінік бар екенін айта келе, оны қарапайым халыққа түсінікті етіп жеткізуге тырысқанын айтты.

«Егер оны тек арабша оқу керек деп қарайтын болсақ Құран тек арабтарға немесе оның мазмұнын түсіндіретін ғұламаларға қажетті, жабық кітап сияқты болып қалады.  Мен қарапайым халықтың ешкімнің түсіндіруінсіз оқып, танитындай етіп жасауға тырыстым», -дейді Серік Рысжанов.

Әділет Мұсахаев
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы