«Отандастар» қоры Жапония қазақтары қауымдастығымен меморандумға қол қойды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Отандастар қоры» КЕАҚ және Жапония қазақтары қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
Іс-шараға ҚР Жапониядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, Жапония қазақтары қауымдастығының төрағасы Әбдібек Қалыбек, сондай-ақ Жапонияда тұрып жатқан этникалық қазақтар, оқып жатқан студенттер қатысты.
Меморандум аясында мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру, кәсіпкерлер арасында өзара байланысты жолға қою және ақпараттық қолдау жұмыстары жоспарлануда.
«Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов өз сөзінде шетелдегі отандастармен байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, отандастардың тілдік және этномәдени бірегейлігін сақтауға ықпал ететін Қоғам бағдарламалары туралы хабардар етті.
Тараптар қазақ тілін оқыту бойынша қысқа мерзімді курстарды жүзеге асыруға, Қазақстанның жоғары оқу орындарында қазақ балаларының білім алуына жан-жақты қолдау көрсетуге, қазақ қолданбалы өнерін дамыту және ілгерілету бағытында қолдауды қамтамасыз етуге, Жапония және Қазақстан кәсіпкерлерімен кездесулер, семинарлар, конференциялар және бизнес-форумдар ұйымдастыруға көмек көрсетуге келісті.
Іс-шара барысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасай отырып, осы бағыттағы іс-шаралар жоспарын талқылады.
Айта кетейік, Жапониядағы қазақтар қауымдастығы 2021 жылғы 14 сәуірде Токиода құрылды. Қауымдастықтың жарғысына сәйкес, Жапонияда уақытша және тұрақты түрде мекендейтін Қазақстан азаматтары және қандастар мүше бола алады. Жапониядағы қазақтар қауымдастығының төрағасы болып «Juntendo» университетінің клиникасында хирург болып жұмыс істейтін қандас Әбдібек Қалыбек тағайындалады.
Қазіргі уақытта Жапонияда тұрақты негізде жұмыс істеп жатқан немесе білім алып жүрген Қазақстан Республикасының 191 азаматы, сондай-ақ Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан келген 70-ке жуық этникалық қазақ тұрады.