Отандастар форумы. Шеттегі қазақтың тілегі қандай?
Бейресми мәліметке сүйенсек, бүгінде шетелде 10 миллионға жуық этникалық қазақ өмір сүріп жатыр. Олардың ішінде ұлттық болмысы мен қазақы қалпын сақтап қана қоймай, білім-дарынымен биік белестерді бағындырып, қазақтың атын шығарып жүргендер де бар. Олардың бірқатарының басын Астанада «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырған «Отандастар форумы» қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форумға 40-тан астам елден 200-ге жуық отандасымыз келді.
Моңғолия мен Өзбекстандағы қазаққа қандай қолдау қажет?
Форумда шетелде тұратын этникалық қазақтармен өзара байланысты жетілдіру мақсатында олардың мәселелері де көтерілді. Мысалы, этникалық қазақтар көп шоғырланған Моңғолия мен Өзбекстан мемлекеттерінен келген делегаттар сол жақта тұратын қазақтардың тілегін айтты.
Бұрын Моңғолия Парламентіне екі рет сайланған депутат, Моңғолияның Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ауыл шаруашылығы академиясының вице-президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бәкей Ағыпар Моңғолияның астанасында тұратын қазақтар үшін маңызды мәселені жеткізді.
Ұлан-Батыр қаласы мен қала маңындағы аймақтарда бүгіндері 20 мың қазақ тұрады. Олардың көпшілігі ұлттық рухты, жоғары білімді, Моңғолияның мемлекеттік істері мен экономика саласында өз орындары бар білікті азаматтар. Ұлан-Батыр қаласында қазақ диаспорасының ат басын тірейтін төл ордасы – Қазақ мәдениет орталығы. Сондай-ақ жасөспірім ұрпақтарға ұлттық тәлім-тәрбие беру үшін қазақ тіліндегі балабақша ашу бүгінде ең маңызды мәселе, - деді ол.
2015-2022 жылдар аралығында Өзбекстан Парламентінің депутаты болып, «Халық сайлаған депутат» атанған, ал қазіргі кезде Өзбекстан Республикасының Экология министрінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген қандасымыз Расул Көшербаев болса, Өзбекстандағы 30 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық-мәдени орталығына жаңа ғимарат салу ауадай қажет екенін айтты.
Бәкей Ағыпар сондай-ақ Баян-Өлгей аймағының қазақ тілді мектептері мен кітапханаларын қазақ тіліндегі қажетті кітаптармен қамтамасыз ету, Ұлттық театр, радио, теледидар мекемелеріне материалдық-техникалық қолдау көрсету Моңғолиядағы қандастардың рухани мерейін тасытатынын жеткізді. Мұндай мәселе Өзбекстандағы қандастарымызды да алаңдатады.
Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқушыларға арналған қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми әдебиеттер жоқтың қасы. Ол оқушылардың білімі мен дүниетанымын жетілдіруге, қазақ тілін жетік меңгеруге қиындық туғызады, - деді Расул Көшербаев.
Ол қазір Өзбекстанда қазақ тілінде білім беретін 370-ке жуық мектеп бар екенін айтты. Алайда онда қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдер жетіспейді.
Өзбекстандағы қазақ мектептерінде физика, математика, химия, биология сынды бірқатар пәндерден қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдер жетіспейді. Мұғалімдердің қазақ тілін білу деңгейін жетілдіру қажет, - деді ол.
Сонымен қатар Расул Көшербаев Өзбекстанда Қазақстанда оқығысы келетін қандастарымыз көп екенін айтып, жоғары оқу орнына түсу мәселесін көтерді.
Өзбекстандағы қазақ жастарының Қазақстанда университетке түсуі үшін тапсыру міндеттелген Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуі мүмкін емес. Қазақстанның оқушылары кемінде 5-6 жыл меңгерген білімін Қазақстандағы бір жылдық дайындық курсымен игеріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп кетеді деу мүлдем түсініксіз. Сондықтан шетелдегі қазақ жастарын арнайы емтиханмен немесе әңгімелесу, жеке тест тапсыру арқылы қабылдауды ұсынамыз, - деді ол.
Ол Өзбекстанда Қазақстан университеттерінің филиалын ашып, студенттерге қос диплом алу мүмкіндігін жасау жұмыстарын жүргізу қажет деп есептейді. Сондай-ақ екі елдің жоғары оқу орындарының дипломдарын ратификациялау процестерін жеңілдету қажеттігін жеткізді.
«Қазақ болғаныма мақтанамын»
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қазақтар «Отандастар форумының» панельдік сессияларында сөз сөйлегенде өздерінің қазақ екенімен мақтанатыны туралы жиі айтты. Олардың бірі «Муз-ТВ» телеарнасының бұрынғы бас директоры, танымал медиаменеджер, кәсіпкер, психология ғылымдарының кандидаты Арман Дәулетияров.
Мен қай жерде өмір сүріп, қай жаққа барсам да, «бұл кім?» дегенде «қазақ» деп айтады. Мен мұнымен мақтанамын, қазақ екенімді ешқашан жасырған емеспін, әрдайым дауыстап айтамын, - деді ол.
Медиаменеджер өз сөзінде форумның шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін неліктен маңызды екенін де атап өтті.
Бүгінгі өткізіліп отырған форум тарихи отанынан тыс өмір сүріп жатқан барша қазақ үшін соншалықты маңызды. Былай қарасаң, тұрып жатқан мемлекетімізде орнымызды тауып, жетістікке жеткен, жұмыс істеп жүрген, отбасын құрған адамдармыз. Бірақ өзіңнің тарихи Отаның үшін сенің маңызың бар екенін түсініп, сезіну сондай құнды, - деді Дәулетияров.
Ол форумда шағын ауылда туған сауыншы мен тракторшының баласы екенін айтты. Қарапайым қазақ баласының ТМД мен Ресейде танымал болуына не көмектескенімен бөлісті.
Осы сұрақты маған студенттер қойғанда мен әрдайым былай деп жауап беремін. Біздің мәдениетке, тілге, салт-дәстүрге деген махаббатты анам дарытты. Ол менімен үнемі қазақша сөйлесетін. «Балам, есіңде болсын, сен қазақсың. Оны ешқашан естен шығармай, мақтан етуің керек. Саған қарап Ресейде біздің отбасымыз, менің қандай екенім туралы тон пішпейді, бүкіл қазақтың қандай екені туралы пікір қалыптасады» дейтін анам. Қазір дәл осы сөзді балаларыма айтамын, - деді ол.
Арман Дәулетияров қазір әлемде орын алған қиын жағдайда қазақтар бірге болуы керегін айтты. Сонымен бірге, ұлт дәстүрін, тілін құрметтеп, балаларды сол арқылы тәрбиелеуге шақырды.
Бірде ұлыма қазақ тілін дұрыстап үйрен дегенімде ол қазақтар 20 миллион ғана, одан гөрі испан тілі көбірек кәдеме жарайды деп айтқаны есімде. Ал мен оған қазақ тілі саған сол тілде сөйлеу үшін ғана емес, өзіңнің қайдан шыққаныңды сезіну үшін керек деп айтамын. Мысалы, ағашқа қарашы, үлкен, әдемі. Бірақ тамыры болмаса, бұл ағаш та болмас еді. Өз тамырыңсыз жарқын болашақ та болмайды, - деді ол.
Дәулетияров Қазақстанда туып-өспегені ұлы халқын жергілікті халықтан азырақ жақсы көретінінің белгісі емес екенін, кейде тіпті шеттегі қазақтар ұлтын елдегілерге қарағанда көбірек жақсы көретінін айтты.