Ота кезінде хирургтермен бірге 12 сағат тік тұрып жұмыс істейміз - мейірбике
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ауруханамызда күніне 50-ден астам ота жасалады. Бұл шұғыл операцияны қоспағанда. 16 операция жасау залының барлығында бір мезетте ота қатар жасалып жатады. Қазір науқастар өте көп. Бұл туралы Алматы қалалық №7 аурухананың Ота жасау бөлімінің аға мейірбикесі Назгүл Бизакова сұхбат барысында айтып берді.
Медицина мамандығы жауапкершілігі жоғары, қастерлі мамандықтың бірі. Ондай жандар өзінің қиналып тұрғанына қарамастан алдына көмек сұрап келген науқасты бірінші орынға қояды, олардың тез жазылып кетуіне барын салады. Сондай жанның бірі Назгүл Бизакова. Ол Алматыдағы №7 клиникалық ауруханада 1991 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір Ота жасау бөлімінің мейірбикесі. Көргені мен білгені, біліктілігі мен тәжірибесі мол маманның нақ өзі. Ол қызмет етіп жатқан Ота жасау бөлімінде 16 операция жасау залы бар екен, онда науқастарға күіне үздіксіз ота жасалып тұрады. Мейірбикелермен санитарлар ота жасау залын әзірлеп, операция барысында хирургтерге көмектесіп, қажетті құралдардың барлығын іске қосып отырады екен.
Ота жасау бөлімінде істегендіктен дәрігерлермен қатар тұрып жұмыс істейміз. Ота жасау бөлімін түгелдей дайындап, құрал-жабдықтың бәрін әзірлеп қоямыз. Ота кезінде хирург қанша сағат тұрса біз де солай тік тұрып жұмыс істейміз. Әр дәрігердің мінез-құлқы әрқилы, олардың қас-қабағына қарап қай құралды қажет етіп тұрғанын бәрін біліп тұрамыз,-дейді ол.
Сондай-ақ ол ота бөлімшесінің жұмысы ауыр болатынын, мұнда ауыр жағдаймен түсетін адам көп болатынын айтады.
Біздің бөлімде бәрі дайын тұру керек, өйткені шұғыл түсетіндер көп. Пышақтап кеткен, жол апаты, басы жарылған, қолы сынғандар көп келеді. Сол кезде күн-түн демей сақадай сай тұруымыз керек. 16 ота жасау бөлімінің 2-уі ангио, 4-уі шұғыл түсетіндерге, қалған 12-сі жоспарлы оталарға арналған. 16 ота жасау залының барлығында бір мезетте ота жасалады. Бір залды ғана шұғыл түсетіндерге деп бос ұстап отырамыз. Қазір жоспарлы операция өте көп. Мәселен, бүгін 52 ота жасалады, ол шұғыл операцияны қоспағанда. Таңға дейін кейде 17 шұғыл ота жасалған кездер болды. Науқастар өте көп. Бізде операция жасалмады деген күн жоқ,-дейді Назгүл Бизакова.
Мейірбике ота жасау бөлімінде жұмыс істеудің қандай қиындықтары барын да атап өтті. Ондағылар ұзақ уақыт тік тұрып жұмыс істейтіндіктен аяқтары сыр беріп, ерте жастан варикоз пайда болады екен.
Мәселен, оталардың кейбірі 7 сағаттан 12 сағатқа дейін созылады. Ол кезде отырып демала алмайсың. Кеше 7 жерінен сынған бір науқасқа ота жасалды. Ота таңғы сағат 8-де басталып, кешкі 7-де бірақ аяқталды. Хирургтің жанында тік тұрып жұмыс істейсің. Сондықтан медбикелердің көбінің аяғында варикоз бар, бәрінің аяғы зардап шегеді. Осындағы төрт медбике аяғымызға ота жасаттық,-дейді ол.
Ауырып, қиналып келген халыққа көмек көрсетуге әзір тұратын ақ халатты абзал жандардың жалақы мәселесі әлі де дұрыс жолға қойылмаған екен. Әсіресе, медбикелердің жалақысы аз, сол себепті жастар бұл жерде көп тұрақтамай жеке клиникаларға кетіп қалатын көрінеді.
Пандемия кезінде вирус жұқтырған науқастармен жұмыс істегендер өздеріцне тиесілі сыйақыларын алып отырды. Үкімет құр қалдырған жоқ. Жалпы, мейірбике, санитаркалардың жұмыстары ауыр болғанымен жалақысы аз. Мәселен, санитаркалардың ең төменгі жалақысы 88 мың теңге. Ал, мейірбикелер тәжірибесіне, санатына қарай жалақы алады. Сондықтан келген жастар көп тұрақтамайды, мұнда істеп жүргендердің көбі бұрыннан келе жатқандар. Дегенмен, жыл сайын жалақыны аз да болса көтеріп жатыр, биыл да біраз қосты. Алдағы уақытта жалақыны көтереді деген ойдамыз,-дейді Назгүл Бизакова.
Күн-түн демей, өз кәсібіне адал қарап, алдына келген науқастарға көкмек қолын созып жүрген жанның бірі Ғазиз Төлепбергенов. Ол Алматы қаласы №7 клиникалық ауруханасының Қабылдау бөлімінің меңгерушісі. 2018 жылы «Алтын дәрігер» сыйлығымен, 2020 жылы коронавируспен күресте атқарған еңбегі үшін «Халық алғысы» төсбелгісімен марапатталған.
Ғазиз Төлепбергенов жылына 85 мың пациент тек аурухананың қабылдау бөлімі арқылы өтетінін айтады. Яғни шұғыл түсетін науқастар, жоспарлы қаралатындар бір бөлек. №7 аурухананың қабылдау бөліміне тәулігіне шұғыл түрде 300-ге жуық науқас түседі екен, оның 80-100-і аурухананың әр бөлімшесіне жатқызылатын көрінеді.
Біздің аурухана көпбейінді болғандықтан мұнда түсетін науқастар қатары көп. Мәселен, жылына шұғыл түрде түскен 10 мыңнан астам адамға операция жасалады. 25 мыңнан астам адам ауруханаға жатқызылады. Одан бөлек біздің аурухана Алатау, Наурызбай батыр, Әуезов сияқты ірі аудандардың халқына қызмет көрсетеді. Алтын Орда базары да іргеміз де тұр, онда жұмыс істейтін өзге облыстың тұрғындары да көмекпен бізге жүгінеді. Жақын маңдағы Алматы облысына қарасты елдімекеннің тұрғындары да бізге келеді,-дейді ол.
Оның айтуынша, қабылдау бөлімі клиника бойынша ең ірі бөлімше екен. Мұнда 200-ге жуық маман жұмыс істейді және 24 сағат халыққа қызмет көрсетеді.
Біз шұғыл түскен науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетеміз, одан кейін талдама алынып, зертханалық тексерістер жүргізіледі. Бөлімшемізде хирург, травмотолог, нейрохируг, уролог пен гинеколог, хирургиялық емес бағыт және терапия мамандары бар. Клиникамыздың мүмкіншілігі зор, қала бойынша алдыңғы орында деп айтуға болады. Соңғы үлгідегі құрал-жабдық, зертханасы барлығы мықты, Еуро стандартқа сай келеді. Біздің бөлімшеге түскен науқастан барлық биологиялық сараптама алынып, қысқа мерзімде нәтижесі шығарылады,-дейді дәрігер.
Ғазиз Төлепбергенов жүрген жерінде медициналық көмекке дұшар болған адамдарға әрдайым қолұшын созып, алғашқы көмек көрсетуге әзір жүретінін айтады.
Халықтың ішінде жүргендіктен оқыс жағдайлар болып тұрады. Мәселен, айналаңда жүрген адамдардың балалары аурып қалып жатады. Ондай кезде көмегімді аямаймын, соған сай алғыстарын айтып жатады. Көшеде кетіп бара жатып эпилепсиялық талмасы ұстап құлап қалған адамдарға көмектесіп, жедел жәрдем шақырып салып жіберген кездерім де болды. Тағы бірде самокаттан құлап, қан кету болып жатқанда қанын тоқтатым, ондай сәттерде көмегімді аяған емеспін,-дейді бөлім меңгерушісі.
Ғазиз Төлепбергенов сөз соңында өз әріптестерін мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Алда келе жатқан медицина қызметкерлері күнімен еліміздегі барлық әріптестерімді құттықтаймын. Жасап жатқан адал еңбектері үшін, халыққа көрсетіп жатқан көмектері үшін разылығымды білдіремін. Үй-күй демей халықтың денсаулығы үшін еңбектеніп жүр. Барлығымыздың болашаққа деген сеніміміз мол, сол себепті еліміз өркендеп, медицина саласы да дами береді деген ойдамын,-деді дәрігер.