Осыған дейін жарылғыш заттар туралы таратылған бірде-бір ақпарат расталған емес – ІІМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Спартак Қабденов ІІМ-нің дәстүрлі брифингінде айтты.
Құқық қорғау органдары және арнайы қызметтер жұмыс ерекшелігіне байланысты кезекші бөлімге келіп түскен ақпаратқа әрекет етуге міндетті. Телефон арқылы баланың даусын естісе де, хабарламаның жалған, нақты қауіптің жоқ екенін түсіне отырса да. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама – бұл қоғамдық тәртіпке кері әсер ететін қауіпті қылмыстардың бірі, - деді Қабденов.
Оның айтуынша, осы қылмыстың қоғамға қауіптілігі соншалық, мұндай хабарлама түскен жағдайда адамдардың арасында үрей мен қорқыныш пайда болады.
Ал мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына едәуір кедергі келтіреді.Осындай жағдайда құқық қорғау органдары ең алдымен шынайы қауіптің болу мүмкіндігін ескере отырып, тиісті әрекет жасайды, адамдарды қауіпті болуы мүмкін аймақтардан эвакуацилауға мәжбүр болады. Сондықтан келіп түскен осындай барлық ақпараттар бойынша жедел қызметтер міндетті түрде оқиға орнына барады. Адамдар сыртқа шығарылады, ғимарат мұқият, жан-жақты тексеріледі, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады, - деді Спартак Қабденов.
Ол атағандай, осыған дейін болған барлық жағдайда жарылғыш заттар туралы ақпарат расталған емес.
Ал бұл өз кезегінде полиция, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем қызметінің күш-құралдарын босқа жұмсауға әкеп соғады. Сол уақытта полицияның көмегі шын мәнінде қауіпті қылмыстың алдын алуға қажеті болуы мүмкін. Бұл қылмыстар қоғамға да, мемлекетке те едәуір зиян келтіреді әрі сол мекеменің немесе кәсіпорынның жұмыс кестесін бұзады, ал азаматтарда қорқыныш сезімі пайда болады, - деді ол.