Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады - Президент

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еліміздің ең басты мейрамы – Республика күні құтты болсын! Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты, - деді Мемлекет басшысы.

Президент  егемендік декларациясын қабылдау оңайға соқпағанын айтты.

Шын мәнінде, егемендік декларациясын қабылдау оңайға соққан жоқ. Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі Парламентте, яғни Жоғарғы Кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген. Ел ағалары халқымыздың ардақты ұлының бұл өсиетіне адал болды. Олар жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білді. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады, - деді Президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы