Осы жазда Алакөлге 2 млн турист келеді деп күтіліп отыр
Алакөл аймағында туристік 302 нысан қызмет көрсетеді. Оған 11 қонақ үй, 2 сауықтыру лагері, 1 аң аулау және 288 базалары және пансионаттар кіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шипалы көл ретінде әлемге танымал Алакөл көлі Жетісу өңірінің экономикалық драйверінің бірі. Жыл сайын миллиондаған турист келіп таңдай қағып кетеді. Инфрақұрылым жүйесінен шикіліктер шығып жатқанымен, халықтың қызығушылығы саябыр тапқан жоқ. Биыл 2 млн-ға жуық турист келеді деп күтілуде.
Былтырғы жылмен салыстырғанда 803 орынға көбейді. Бір реттік сыйымдылығы 25329 төсек орын қорын құрайды. Былтыр 2 млрд 905,3 млн теңгенің 15 инвестициялық жобасы пайдалануға беріліп, 83 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Өткен жылы демалушылардың саны 1 млн 550 мың адамға жеткен еді. Оларға 9 млрд 300 млн теңгенің қызметі көрсетілген. Биыл туристерге барлық жағдай жасалады, - дейді Алакол ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Айжан Мұрат.
Бүгінде Алакөл жағалауында экотуризм саласы ерекше дамуда. Мәселен «Ақ отау» демалыс аймағы осы салаға басымдық берген. Мұнда шетелден келген туристер ұлттық дәстүрмен сусындап, көл жағасында еркін демала алады.
Біз табиғат аясында, жұлдызды аспан астында шатыр тігіп қонамын деген демалушыларға да көмек көрсете аламыз. Тегін Wi-Fi, ұлттық тағамдар, заманауи жатын орындар бәрі қарастырылған, - дейді Зульфия Әбутәліп.
Биыл демалушыларға 9 млрд 989 млн теңгенің қызметі көрсетіледі жоспарланып отыр. Астана, Алматы және Талдықорған қалаларынан аптасына 30 рет 4 рейс ұшады. Аптасына 23 рет 12 пойыз рейсі қатынайтын болады. Алматы, Астана, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары, соның ішінде «Астана-Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы жүреді. Күнделікті автобус қатынайды.