Осы уақытқа дейін не істедіңіздер? – сенатор бизнеске бөлінетін кредит жұмысын сынға алды
Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов Сенатта өткен дөңгелек үстелде шағын және орта кәсіпкерлікке кредит беретін ұйымдардың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Сенатта «Экономиканың нақты секторын кредиттеуді кеңейту жөніндегі шаралар туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында Ұлттық экономика министрлігінің және осы салаға тікелей жауапты ведомство өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады.
Мәселені талқылау аяқталғаннан кейін сенатор Сұлтанбек Мәкежанов орталық аппараттардың жасаған есебі мен жұмысын сынға алды.
Дөңгелек үстелдің аясында тек қана кредит беруді кеңейту жөніндегі шаралардың түп төркінінде жатқан мәселе – бизнесті дамыту, халықты тауарлар мен қызметтерге деген сұранысын ынталандыру. Яғни бүгін есептеріңізде жай ғана қаржыны бере салып, оның ар жағында не болатынына көңіл аудармадыңыздар. Бұған дейін кездесуде осы мәселені бірнеше рет айттым, - деді ол.
Сенатордың айтуынша, Жамбыл облысындағы тәжірибе Маңғыстау облысына тиімді болса, бірақ Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына осындай көлемде қаржы қажет болмауы мүмкін.
Агрофинанс, Аграрлы кредит корпорациясының және «Бәйтеректің» өкілдерімен келісе алмаймын. Ол үшін талдау керегін айтып отырсыздар. Осы уақытта дейін талдамасаңыздар не істедіңіздер? Сіздер әрбір өңірдің, ауданның, елді мекеннің бизнес жоспарларын қазірден айтуларыңыз керек. Бір өңірде үлкен зауыт салуға болмаса, екінші бір өңірде кіші бизнесті дамыту керек, - деп наразылығын білдірді Сұлтанбек Мәкежанов.
Сенатор Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысын мақтап, ведомство бөлетін грант тәжірибесін қарауды ұсынды. Сөзінше, министрлік грантты берер алдында ол туралы барлық мәліметті әлеуметтік желілерге алдын ала жариялап отырады.
Қазір гранттардың тиімділігін де қарап жатырмыз. Сондықтан шығарылған әрбір тиынның тиімділігі туралы алдағы айларда сіздердің есептеріңізді тыңдаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қай өңірде қандай бизнесті дамыту керегін, қай жерде халықты қандай тауарлармен толық қамти аламыз, соның нәтижесінде қызметтерге сұранысты ынталандыру мәселелерін айту керек. Кредит сұранысқа қарай жүруі қажет. Тек қана тамыр-танысқа беру мәселесі болмауы керек. Алдағы уақытта да әрбір кездесуге бухгалтерлік есеп емес, ар жағында елдің, азаматтардың тағдыры тұр деп қарау қажет, - деп тапсырма берді Мәкежанов орталық аппараттан келген басшыларға.