Қостанайда тұңғыш психологиялық көмек фронт-кеңсесі ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанайда елде баламасы жоқ психологиялық және қосымша білім беру өңірлік орталығы ашылды. Аталған жобаның іске асырылуына облыс қазынасынан 54 млн теңге бөлінген. Аталған бастама «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде жүзеге асты.
«Орталық тек қосымша білім берумен ғана емес, оқу үрдісіндегі барлық қатысушыларға психологиялық көмек көрсетеді: оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер осы бағыттарды қамтиды. Суицидтік мінез-құлық бойынша облысымызда соңғы жылдары кәмелет жасына жетпегендердің жағдайы ерекше бақылауды қажет етеді. 2016 жылы 37 жағдай тіркеліп, 8-і суицидпен аяқталды. Одан кейінгі жылы 43, 10 жағдай суицидпен аяқталды. 2018 жылы 50 жағдай тіркеліп, 12 жағдай суицидпен аяқталды, – дейді Психологиялық көмек пен қосымша білім беру орталығының директоры Елена Петренко.
Психологиялық қолдау орталығында тәулік бойы 37-08-58 сенім телефоны жұмыс істейді. 10 психолог маман мен 6 педагог суицидке бейім азаматтарға кеңес береді. Одан бөлек, арнайы мобильдік топ құрылған. Фронт-кеңсе бұған дейін Білім басқармасында болған еді. Енді жаңа ғимаратта орналасқан. Жыл басынан бері бұл орталықтың сенім телефонына 360 қоңырау түскен.
«Басым мәселелердің бірі - ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы болса, екіншісі эмоциональдық, психологиялық ауытқушылықтар», - дейді мамандар.
Психолог мамандар арт-терапия, музыкалық ойын терапиясын өткізеді. Жаңа оқу жылынан бастап құм терапиясы енгізіледі және орталық мұнымен шектелмейді.