Қостанайда Antikor ortalyǵy ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аумақтық департаменттің Antikor ortalyǵy сервистік орталығы ашылды.
Ведомстводан хабарлағандай, бұл орталық Қостанай тұрғындарына кез келген мәселе бойынша құқықтық көмек береді. Сондай-ақ жемқорлық індетін жоюға ынталы көпшілік бас қосатын қоғамдық орталық саналады. Мұнда арнайы мониторинг кеңсесі, бюджет картасы орналасқан. Орталықтың ашылу рәсіміне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Қуаныш Жапақов қатысты.
Бұл орталық мемлекеттік қызметші мен халықтың арасындағы байланысты нығайтуға жасалған үлкен қадам. Мемлекет басшысы сәуір айындағы Жолдауында атқарушы билік пен құқық қорғау органдарына ашық қоғам қалыптастыруды ілгерілету, халық мұқтажына жедел көмек қолын созу туралы міндет жүктеген болатын. Бұл орталық тұрғындарға құқықтық көмек беруді көздейді. Бүгінде біз «open spase» тәжірибесін енгізіп жатырмыз. Қазір облыста 49 ашық кабинет жұмыс істейді. Бұл барлық аудандарда бар. Біз «Қостанай адалдық алаңы» жобасы аясында Қостанай қаласы, Қостанай ауданында фронт-кеңселер ашып жатырмыз. Ең бастысы, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтеді, - деді салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы.
Қуаныш Жапақов бүгін Рудный қаласына барып, дәл осындай Antikor ortalyǵy сервистік орталығының ашылуына қатысты. Агенттік аппаратының басшысы одан кейін кеншілер шаһарының жастарымен кездесіп, "Студенттердің қызмет көрсету орталығы" жобасымен танысты.