Қостанайда 2 мыңға жуық дәрігерге өтемақы берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысында 2 мыңға жуық дәрігер қосымша өтемақыға ие болды, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Елімізде короновирус инфекциясымен күресуге жұмылдырылған 53 мың медицина қызметкеріне маусым айының үстемақысы төленуде. Бұл шараға республикалық бюджеттен Медициналық сақтандыру қорына 35 млрд 700 млн теңге бөлінді. 

Ал Қостанай облысының ақ халаттыларына 933 млн теңгеден артық сома үстемақы төленді. 

Медициналық сақтандыру қоры қауіпті жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің саны ай сайын артып келе жатқанын хабарлады. Егер наурыз айында үстемақыны 19 мыңнан астам қызметкер алса, мамыр айында олардың саны 40 мың адамға дейін өсті. Қостанай облысында маусым айы үшін 2000-ға жуық дәрігер өтемақы алды. Өтемақыға ие болған дәрігерлердің 366-сы бірінші дәрежелі тәуекел тобына, 749-ы екінші, 759-ы үшінші дәрежелі тәуекел тобына жатады, – делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында. 

Бүгінде өңірдің инфекциялық-провизорлық орталықтарында 2 350 орын бар. Індет өршігелі төсек-орындар саны 4 есеге дейін артқан.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы