Қостанай облысында жоғалған қыз табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысында жұма күні кешке жоғалған төрт қызды іздеу шаралары сәтті аяқталды, деп хабарлайды жергілікті "Костанайские новости" басылымы.

Үлкені он екі, кішісі жеті жастағы екі үйдің төрт қызы жұма күні кешкі сағат жетілер шамасында үйден шығып кеткен. Олар Асенкритовка ауылынан Әйет ауылында тұратын туыстарына бару үшін жолға шыққан. Ал екі ауыл арасындағы қашықтық шамамен 15-17 шақырымды құрайды. 

Балаларды ересектер ертіп жүрмегендіктен автобусқа мінгізбеген. Сондықтан, олар жол жағалай жүріп отырып, жаяу жетуге тырысқан. Алайда орта жолда қараңғы түсіп кеткен соң, жасөспірімдер жырада түнеп шыққан. 

Ал оларды іздестіруге отызға жуық құтқарушы мен полицейлер, еріктілер мен жергілікті әкімдік қызметкерлері жұмылдырылды. Асенкритовка ауылы мен жақын маңдағы бес елді мекенге шолу жүргізілгенімен еш нәтиже болмаған.

Қыздар келесі күні таңғы тоғыздар шамасында екі ауылдың ортасындағы Николаевка стансасынан бір шақырым жерден табылды. Іздеушілер оларды тас жолмен келе жатқан көліктің артынан жүгіріп келе жатқан сәтінде байқап қалған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы