Оспанов Шымкент тұрғындарымен кездесті
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып, ҮЕҰ өкілдерімен және қала тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, кездесу барысында әлеуметтік-еңбек саласындағы инновациялар, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау туралы айтылды.
Жұмыс сапарын №10 қалалық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барудан бастады, онда стационарлық жағдайларда 1-2 топтағы мүгедектігі бар адамдар және қарттығына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігі жоқ азаматтар түрлі қызметтер алады.
Осыдан кейін вице-министр «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығында болып, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, мүгедектігі бар адамдармен және тұрғындармен кездесу өткізді.
Өз сөзінде Ербол Оспанов Әлеуметтік кодексті іске асыру кезеңдері туралы айтып, жаңа әлеуметтік саясат Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды өзгерістердің маңызды аспектісі болып табылатынын атап өтті.
Бұл өзгерістердің негізі Әлеуметтік кодексте көрсетілген. Онда мемлекеттік әлеуметтік қолдау парадигмасын түбегейлі өзгерту көзделген: ол әлеуметтік сын-қатерлердің салдарын жоюға емес, керісінше өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталатын болады. Бұдан басқа, әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету және соның арқасында әлеуметтік қолдауды алудың бүгінгі өтініш беру нысанынан, адресті анықтау нысанына және оны проактивті форматта көрсету жүйесіне көшу қарастырылған.
Азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, жұмыс берушіге және азаматтың өзіне де жүктелетін болады. Бұл міндеттемелер жаңа әлеуметтік келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Ал әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту жөніндегі шаралар нәтижелі және ресми жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталатын болады, – деді Оспанов.
Вице-министр Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделгенін атап өтті: бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту және атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған натуралды пакетті монетизациялау; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған әйелдерге наградталған ана мәртебесін беру және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту; әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін көбейту.
Ербол Оспанов Әлеуметтік кодексте әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау көзделгенін, оның басты мақсаты мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру болып табылатынын атап өтті.
Мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделеді. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде ресімделіп, оларға тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен қамтамасыз етіледі. Тағы да өзгерістердің бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу. Қызметтер үшін жекелеген нормативтер, ал өтемдік техникалық құралдар үшін шекті бағалар болады. Бұл өзгерістер, бір жағынан, техникалық құралдардың немесе тауарлардың кейбір түрлерін одан әрі монетизациялауға алып келеді, екінші жағынан, жеке секторды кеңінен тарту арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді вице-министр.
Сонымен қатар Әлеуметтік қызметтер порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беру көзделуде: мүгедектегі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін әлеуметтік қызмет порталы арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау; өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде мерзімі көрсетілген хат жолдау және оның орындалуын бақылау құзіреті; өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні әлеуметтік қызмет порталынан алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу туралы шешім қабылдай алатын болады.
Халықпен кездесуден кейін Ербол Оспанов азаматтарды жеке қабылдап, онда өтініш білдірушілердің жеке мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, вице-министр арнайы ұйымдастырылған брифингте журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Жұмыс сапары барысында Ербол Оспанов «Ізетті зейнеткер» мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға көмек көрсету орталығына барады, сондай-ақ Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жұмысымен танысады.