Өскенбаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Сапар барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі өңір әкімі Серік Шапкеновпен бірге Атырау қаласын дамыту мәселелері бойынша өткен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығымен кездесуіне қатысты.
Кездесуде Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік пен қауымдастық азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, қалалардың инфрақұрылымын жақсартуды көздейтін "Берекелі бастама" бағдарламасын іске қосқанын еске салды.
Атырау жаңа бағдарлама іске қосылған алғашқы қалалардың бірі болды. Жергілікті тұрғындардан елді-мекеннің инфрақұрылымын жақсарту бойынша 45 ұсыныс түсті. Қазіргі таңда облыс орталығы тұрғындарының дауыс беруі арқылы азаматтардың ең өзекті деген бастамалары таңдалуда. Ең көп дауыс жинаған жобалар қаланы дамыту жөніндегі Жол картасына енгізіледі.
Сондай-ақ Қ.Өскенбаев министрлік Q88 урбанистер қауымдастығымен бірлесіп қала құрылысы, қалаларды дамыту және инклюзивті орта құру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдірумен айналысатынын мәлімдеді.
Осы бағытта аумақты кешенді дамыту стандарттарының үлкен жинағы дайындалуда, оған 6 кітап пен 4 каталог кіреді. Жинақты осы жылдың жаз айларында шығару жоспарланып отыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін құжатқа ведомстволық бұйрық негізінде қол қойылып, іске қосылады, – деді министр.
Айта кетерлігі, аталған стандарттарға сәйкес урбанистер қауымдастығы Қазақстан қалаларын дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде. Ал, Атырау қаласын дамыту тұжырымдамасы өткен кездесуде ұсынылған болатын.
Одан әрі өңірді аралау барысында Қайырбек Өскенбаев облыс орталығында азаматтарды қабылдады. Министрлермен кездесуге "Жібек жолы" және "Ақмаржан" тұрғын үй-құрылыс кооперативі өкілдері алдаған пайшылар мен көп балалы аналар тобының өкілдері жазылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ТҚК басшыларының алаяқтық әрекеттеріне тап болған азаматтарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қалыптасқан жағдайды шешудің жолдары мен тетіктерін ұсынды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесін ескере отырып, инвесторларды қосымша тартып, проблемалық объектілердің құрылысын аяқтау үшін уәкілетті ұйым құру ұсынылды.
Көп балалы аналар кезінде сатып алу құқығынсыз жалға алу шартымен алынған пәтерлерін жеке меншіктеріне өткізу мүмкіндігіне қатысты сауалдарын жолдады. Министр ҚР ИИДМ "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын әзірлегенін айтты. Жобада азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері қарастырылған. Қазіргі уақытта аталған құжат Парламент Мәжілісінің қарауында.
Күннің екінші жартысында министр "Атырау-Астрахань" автожолындағы реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысады.