Өскенбаев түркиялық инвесторлармен кездесті
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Түркияның «Borsan» компаниясының құрылтайшысы Аднан Олмез және «Sembol Construction Inc.» компаниясының Басқарма төрағасы Али Таминджемен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ИИДМ мәлімдеуінше, кездесу барысында тараптар бірқатар маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыру тетіктерін талқылады. Атап айтқанда, түркиялық іскер топ өкілдері ИИДМ басшысына алюминий және мыстан жасалған әр түрлі кабель өнімдерін шығаратын инвестициялық жобаны таныстырды.
Жобаның жалпы құны – 90 млн АҚШ доллары. Кәсіпорынның жылдық өнім өндіру қуаттылығы 12 мың тоннаны құрайды. Инвестициялық жоба іске асқан жағдайда 500 жаңа жұмыс орны пайда болмақ.
Осы ретте айта кетерлігі, «Borsan» компаниясы – сапа стандарттарына сәйкестендірілген заманауи кабель өнімдері мен жарықдиодты желілік арматуралар шығаратын Түркиядағы іргелі кәсіпорындардың бірі. Бүгінде зауыт өнімдері әлемнің 83 еліне импортталады.
Өз кезегінде ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаев еліміз үшін тиімділігі жоғары инвестициялық жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
«Қазақстан мен Түркия – сенімді стратегиялық әріптес. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара ынтымақтастық ойдағыдай дамып келе жатыр. Біз өз тарапымыздан өңдеу өнеркәсібі саласындағы заманауи инвестициялық жобалардың жүзеге асуына әрдайым мүдделіміз. Бұл – бауырластығымызды бекемдеп, ықпалдастығымызды нығайта түсетін маңызды қадамдардың бірі», – деп атап өтті ИИДМ басшысы.
Бүгінде елімізде кабель өнімдерін өндірумен айналысатын 6 кәсіпорын бар. Отандық зауыттар жылына орташа есеппен алғанда 40 мың тоннаға жуық кабель өнімдерін шығарады (15 мың тонна мыстан жасалған, 25 мың тонна алюминийден жасалған өнімдер). Ал Қазақстанға импортталатын жылдық өнімнің орташа көлемі – 54 мың тоннаға жуық. Атап айтқанда, еліміздің нарығына басым бөлігі Ресей, Қытай, Түркия және Беларус елдерінің ток өткізгіштері жеткізіледі.