Өскеменнің өзіндік кәдесыйы неге жоқ?
Қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету мақсатында Өскеменде дәстүрлі «Шығыс кәдесыйы» фестиваль-конкурсы өтті деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Көркем туындыларын арқалаған шеберлер Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының Солжағалау кешеніне келіп жеткен. Әп-сәтте жағалай қойылған үстелдердің үстін жәрмеңкеге айналдырып жіберді. Шеберлер бәйгеге қосқан туындысын төрешіге ұсынып, басқасын базаршы жұртқа сатып жатты.
Өзімізге тән өнер – ұлтымызды ерекшелеп тұратын ұлттық төлқұжатымыз. Өзгелер біздің ұлтты өнерімізге қарап таниды. Қолөнершілер арасында өтіп жатқан фестивальдің маңызы зор. Адамзат мәдениеті Алтайдан бастау алып, батысқа бет алған болатын. Сондықтан қолөнер шеберлеріміздің тарихты жаңғыртып, қолөнердің тамырын үзбей, өзегін жалғап келе жатқанын жоғары бағалауымыз керек, – деді өнер фестивалінің бас төрешісі Түсіпхан Түсіпбеков.
Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өтіп келе жатқан «Шығыс кәдесыйы – 2023» фестиваль-конкурсына қатысушы шеберлердің саны жыл сайын артып келеді. Бұл іс-шараны дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының, Ертіс концерттің, ШҚО Қолөнершілер ресурстық орталығының еңбегі зор. Биылғы фестивальға 60-тан астам қолөнер шебері қатысты.
Тоқылған шиге сұраныс артып келеді
Өнер жәрмеңкесінің төріне қазақтың қара домбырасын жасаушы шеберлер жайғасыпты. Қолымызға «қос саз» деп аталатын қос домбыра аспабын алып көрдік. Бұл домбыра байырғы бабалардың алты қанат ақ ордаларының төріне сәндік үшін көбірек ілінген екен. Оның қасында қос бетті де домбыра тұр. Үстелдің бір бұрышында тұрған шанағы ешкінің терісінен жасалған шертерді де тамашалап жатқандар көп.
Бұрынғы қазақтың кез келген үйінде 5-6 домбыра ілулі тұрады екен. Түк жоқ деген үйде бір домбыра болыпты. Сол байырғы дәстүрді жаңғырту мақсатында көрмеге домбыраның бірнеше түрін жасап алып келдім. Шанағы ешкінің терісінен жасалған шертер, қос бетті домбыра, қос саз домбыра және ән домбыра, күй домбыра. Мысалы, қос саз домбырасын көз тимесін деп төрге іліпті бұрынғы бабалар. Фестивальға келушілер осы аспапты көбірек тамашалап, тарихын сұрап жатыр, – дейді шебер Жанарбек Ғазезұлы.
Осыдан кейін көзіміз даңғыраға түсті. Семейлік шебер даңғыра ұрмалы музыкалық аспабының бірнеше түрін жасап алып келіпті. Фестиваль қонақтары кезек-кезек даңғыраны ұрып көріп, шеберге сауалды жаудырып жатты. Сонымен қатар шебердің үстелінде тастағы таңбалардың теріге бедерленген сувенирлік бірнеше түрі тұрды. Тіпті біреуіне Алтайды айшықтап көрсету үшін кіші-гірім бұғы мүйізін жапсырып тастапты. Алтайдың сувенирлік символына айналдырып жіберсе болғандай-ақ екен деп ойладық.
Тастағы тарихты ұрпаққа насихаттау мақсатында осындай сувенирлік бұйымдар жасап жүрмін. Қолөнер туындыларыма археолог Зейнолла Самашевтің қазба кезінде тапқан деректерін өрнектеп келемін. Осы бұйымдарым арқылы тарихымызды, өркениетімізді өзгелерге насихаттасам деген мақсат бар. Сол себепті тастағы таңбаларды ешкі терісіне өрнектеп, оны керіп, орап осындай сувенирлік бұйымдар жасадым. Бағасы 15 мың теңгеден басталады, – дейді семейлік шебер Архат Оразғалиев.
Осы қатарда тұрған балшықтан жасалған саз аспаптарын да айналып кете алмадық. Қолөнер шебері Фарида Сүлейменқызы бірнеше саз аспабын бізге таныстырды. Уілдек пен сазсырнай аспабын мың градустық ыстық пеште күйдіріп жасайды екен. Ал Тарбағатай ауданы Ақжар ауылынан келген жас шебер Айнұр Жұмабекқызы әнші Роза Бағланованың портретін маржаннан жасап шығыпты. Мыңдаған маржаннан ерінбей портрет тоқып шыққан шебердің де еңбегін ел ерекше бағалап жатты.
Шебер Сайлан Мұқаметбекқызы ши тоқудан шеберлік көрсетті. Бір кезде киіз үйдің жабдығы болған шиді бүгінгі таңда сәндік үшін тоқытып, сатып алып кететіндер көбейіп келе жатқанын айтады.
Бүгін ши тоқудан, тоқыма тоқудан фестиваль қонақтарына шеберлік көрсетіп жатырмын. Кабинетке, ресторандарға, бизнес орталықтарына іліп қоятын етіп кішкентай формада өңді жіппен оралып тоқылған шиге сұраныс артып келеді. Өйткені қазіргі кезде көптеген жерді табиғи қалыпта безендіру сәнге айналып келеді, – дейді шебер.
Бір үстелде қолдан тоқылған аяқ киімдер тұр. Қолдан тоқылған кроссовканы тамашалап жатқандардың қатары көп. Сапа да, сән де бар. Бағасы – 15 мың теңге.
Өскеменнің өзіндік кәдесыйы неге жоқ?
Бұл фестиваль өтіп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Алғаш рет 2009 жылы Өскеменде «Шығыс кәдесыйы» 1-ші республикалық фестиваль-конкурсы өткен. Оған Қолөнершілер одағының өкілдері мен Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Павлодар облыстарынан 50-ден астам шебер шақырылыпты. Ал 2011 жылы Семейде Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Қытайдан келген 60-қа жуық қолөнерші арасында «Асыл мұра» халықаралық фестиваль-конкурсы ұйымдастырылды. Бұл фестиваль – соның жалғасы. Осылай жылдар бойы өткен фестиваль қолөнердің дамуына өзіндік үлесін қосты. Десе де Шығыстың өзіндік бренд сувенирі, яғни сыйлығы болса ғой деген пікірді фестиваль тамашалаушылардың бірі тілге тиек етті.
Бірнеше жылдан бері қолөнер шеберлерінің көрмелерін тамашалап келемін. Шеберлердің қолынан шыққан талай тамаша дүниелерді көріп жүрміз. Алайда «мынау Шығыстың бренді» деп көрсететін сувенир жоқтың қасы. Көбі – бұрыннан келе жатқан байырғы өнерімізге тән дүниелер. Өткенде қыдырып келген қонағымыз «Өскемендікі деп көрсететін қандай сыйлық бар» дегенде алып беретін дүние таппадық. Алтайдың, Өскеменнің, Ертістің ерекшелігін көрсететін қолжетімді бағада сувенир болса ғой. Бұл дәстүрлі фестиваль сондай бренд қалыптастыруға әсер етіп, үлесін қосса жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Аманкелді Мергенов.
Көрме тамашалаушының ойы көптің көкейінде жүр. Расымен де, Алтайдың брендін қалыптастыруға бізде мүмкіндік бар. Қолөнершілер мен бизнесмендер бірлесе жұмыс атқарса, бұны да іске асыруға болар еді. Бұл өз кезегінде туризм саласына да қосылған үлес болар еді. Алыстан келген қонақ Алтайдың брендтік сувенирін алып қайтса, ел мен жердің аты таныла бермек. Қолөнершілер мен ұйымдастырушылар келесіде осыны ескерсе екен дейміз.
Ал биылғы конкурсқа қатысушылар өздерінің әртүрлі техникада, әртүрлі материалдан жасалған жұмыстарын ұсынып, өзара мықтыны анықтады. Қатысушылардың көбі 18-35 жас аралығындағы жастар болды. Фестиваль қорытындысы бойынша түрлі номинациялар негізінде 18 жеңімпаз дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.
Фестиваль-конкурстың аталымдары мен жеңімпаздары:
«Шеберлік»
1 орын – Айғожина Гүлмира;
2 орын – Асхан Сейілбек;
3 орын – Дарницина Наталья.
«Дәстүрлі қолөнер»
1 орын – Ибраев Қайрат;
2 орын – Айтау Кәмшат;
3 орын – Өмірбаева Фарида.
«Инновация»
1 орын – Тоқтарқан Жанна;
2 орын – Әуелбекова Маржан;
3 орын – Исенова Рауза.
«Жас қолөнер шебері»
1 орын – Мұратқызы Қарақат;
2 орын – Баталина Святослава;
3 орын – Құлжанбекова Гүлсім.
«Кәсіпкерлік»
1 орын – Отческая Евгения;
2 орын – Жанарбек Ғазез.
«Қолөнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» – Мұхамеджанова Раиса;
«Үкілі домбыра» – Кеңшілік Бақыт;
«Жыл шебері» – Ерболат Ақаев;
«Жас шебер» – Әділбек Әлібекұлы;
«Көрермен көзайымы»: Уәлиева Жұлдыз, Райымбеков Асқар.