Өскеменнің іргесіндегі елді мекендерде көшелер жөнделеді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Үстіміздегі жылы Өскемен қаласының іргесінде орналасқан екі ауылдың көшелеріне қиыршық тас төгіліп, берілетін электр қуаты жақсара түспек.
 

 

Бұл туралы тікелей эфирде тұрғындар сауалдарына жауап берген Глубокое ауданының әкімі Тамара Рахымжанова айтты. Оның айтуынша, биыл Степное ауылындағы барлық көшеге қиыршық тас төгу туралы меморандум бекітілген көрінеді. Десек те, мұнымен қатар 2021 жылы елді мекенге орталықтандырылған су құбырларын төсеу жоспарланған. Егер аталған жұмыстар жүргізілетін болса, көшелерді тегістеуге жұмысалатын құрылыс материалдары босқа шығын болуы мүмкін. Осыған байланысты, қиыршық тас көрші орналасқан Ушаново ауылындағы жолдарды жөндеуге жұмсалуы мүмкін. 

Жол жөндеуде орташа және ағымдағы жөндеуден өткізу сынды екі түрі бар. Орташа жөндеуден өткізу құны қымбаттау болса, ағымдағы жөндеу жұмыстары арзан. Сондықтан асфальт жабындары сақталған жолдарға әзірше жамау жұмыстарын ғана жүргіземіз, – деді Тамара Рахымжанова.  

Бұдан бөлек, биыл Ушаново ауылындағы бірнеше көше жөнделіп, сот шешімімен иесіз деп танылған электр желілері мен трансформаторлар теңгерімге алынады. Осылайша, бұған дейін электр жарығы бірқалыпты берілмей, энергия тапшылығы тауқыметін тартып келген ушановалықтар биылғы жылы бұл мәселеден біржолата құтылуы мүмкін. 

Қазіргі уақытта ауылға электр энергиясын жеткізетін желілер мен трансформаторлар сот шешімі бойынша иесіз деп танылған. Кеңестік жүйе ыдырағанда жекеменшікке өтіп, кейін қараусыз қалған электр жүйелерін Аймақтық электр компаниясының қарамағына өткізу қажет. Ол үшін желілер мен трансформаторлар орналасқан жерлерді заңдастырып, техникалық төлқұжаттарын жасау керек. Ал бұл жұмыстарға қаражат қажет, - дейді Ушаново ауылдық округінің әкімі Ерік Құмаров.  

Қазіргі уақытта барлық жұмыстардың атқарылып жатқанын алға тартқан ауыл әкімі, жыл көлемінде мәселенің соңына жеткізілетінін айтты. 

Сонымен қатар үстіміздегі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаражат бөлінсе, Глубокое ауданының ауылдық округтерінің орталықтарында балалардың ойын алаңдарының саны арта түспек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы