Өскемендік студенттер пікірсайыс алаңында бас қосты

Өскеменде өткен пікірсайыс турнирінде алғашқы орынды Аманжолов университетінің командасы иеленді деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Өткен жексенбі күні Өскемендегі Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында университетаралық дебат турнирі өтті. Жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері аталған іс-шараны ұлттық мерекеміз – Республика күніне орайластыра ұйымдастырды. 

Елдің ертеңі үшін кешегі күнді саралай білу керек, сол себепті жастарға талқылау мақсатында «Қазақ тарихындағы ең үлкен қателік» және «Шоу-матчтар насихаты», «Ерте тұрмыс құрудың артықшылықтары мен кешіліктері», «Жастардың рационалды ойлану деңгейі» сынды өзекті тақырыптар ұсынылды, – дейді Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ақпараттық саясат және медиакоммуникация орталығының басшысы Қарлығаш Қасымова. 

Алғашқы тақырып бойынша пікірталас алаңында Қазақ хандығының құрылуынан бастап, бүгінге дейінгі кезеңдерде орын алған және ел тағдырына әсер еткен түрлі оқиғалар мысал ретінде айтылды. Сайыста тілі орамды, ойы ұшқыр, пікірі қисынды командалар іріктеліп алға шықты. 

Күні бойы өткен жарысқа Өскемендегі оқу орындары –  Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің, Қазақстан-Американ еркін университетінің, Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінің, Медициналық колледждің, Педагогикалық колледждің, Политехникалық колледждің студенттері қатысты. Дебатқа барлығы 12 команда жиналды. 

Жалпы қорытынды бойынша бірінші және үшінші орындарды С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың командалары, ал екінші орынды ҚАЕУ командасы иеленді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы