Өскемендік «Алтай» Қазақстан суперкубогын жеңіп алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавл қаласында Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында Қазақстан чемпионатының 1-туры аясында суперкубок сарапқа салынды.
Ел чемпионы, сондай-ақ биылғы кубок иегері Өскеменнің «Алтайы» мен Қазақстан кубогының финалисі талдықорғандық «Жетісу» алаңға шықты. Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын өскемендік қыздар (команда капитаны Сана Анарқұлова) алғашқы партияда басымдық танытты – 25:16. Екінші сетте Елена Павлованың шәкірттері есепті теңестірді – 25:21. Дегенмен бұдан кейін «Алтай» қарсыластарына дес берген жоқ – 25:19, 25:17. Жалпы есеп – 3:1. Осылайша өскемендіктер бесінші рет суперкубокты ұтып алды. Бұл – олардың биылғы төртінші жүлдесі.
«Алтай» бұған дейін чемпиондық пен кубокқа қоса Азия клубтық біріншілігінде де үздік шыққан болатын. «Алтай» жаңа маусымды да сәтті бастап, 1-турда жеті ойыннан кейін 21 ұпаймен жеке-дара бірінші орынға шықты.
Талдықорғандықтар 6 кездесуден 15 ұпай жинап, екінші сатыда қалды.