Өскемендегі сайлау учаскелерінде халық көп
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскеменде дауыс беру науқаны қызу жүріп жатыр. Біз барған №2 сайлау учаскесінде барлығы 2963 адам тіркелген екен.
Аталған учаскенің төрайымы Шағала Масалованың айтуынша, таңғы сағат 9-ға дейін солардың 500-ден астамы дауыстарын беріп үлгерген.
Учаске өз жұмысын таңғы сағат 7-де бастады. Таңнан бері адамдар легі толастаған емес. Әсіресе, әдеттегідей аға буын өкілдерінің белсенділігі ерекше, жастар да көп. Кешкі сағат 20-00-де учаске өз жұмысын аяқтайды, – деді Шағала Әнуарбекқызы.
№47 орта мектепте орналасқан осы сайлау учаскесінен қазақ күресі бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ел құрамасының мүшесі Талғат Әміреновті кездестірдік.
Ата заңға енгізілгелі отырған өзгерістерден өз басым үлкен үміт күтемін. Осы референдумнан кейін елімізде түбегейлі жаңартулар басталарына кәміл сенемін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатына қолдау білдіремін. Сол себепті, дауыс беруге өз еркіммен саналы түрде келіп тұрмын. Елімнің азаматы ретінде Қазақстанның дамыған, өркендеген мемлекетке айналуын мен де қалаймын, балаларымыздың болашағы жарқын болса екен деп тілеймін, – деді спортшы.
Атап өтерлігі, маңызды саяси науқанға өскемендіктер өте белсенді қатысып жатыр. Тіпті учаскелерде кіші-гірім кезектер де байқалады.
№88 сайлау учаскесі Өскемендегі драма театрында орналасқан. Бұл – шаһардың жаңадан салынып жатқан шағын ауданы. Осы жерде де дауыс берушілер қарасы көп.
Бүгін еліміз үшін шешуші сәт деп санаймын. Еш азамат бұл маңызды науқаннан сырт қалмауы қажет. Жалпы, үкімет тарапынан көпбалалы жанұяларға көп көңіл бөлінеді. Өзіміз «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жаңа үйге ие болдық. Өзге де қолдаулар көріп отырмыз, жәрдемақыны ай сайын кешіктірмей төлеп тұрады. Әділетті Қазақстанды бірге құрысайық, балпандарымның келешегі жақсы болсын, қиындық көрмесін деген тілекпен келіп тұрмын, – деді бізге төрт баланың анасы, ұстаз Гүлнұр Төлеуғазықызы.
Атап өтерлігі, театр басшылығы бұл отбасыға спектакльдерге тегін билеттер белсе, учаске мүшелері кәдесыйлар ұсынды.