Өскемендегі электрондық билет жүйесі алдымен трамвайларға орнатылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Электрондық билеттендіру жүйесі алдымен Өскемендегі 28 трамвайда, сосын 558 қоғамдық автобуста пайда болады. Бұл туралы altaynews.kz хабарлады.
Осы жүйені енгізетін компанияны анықтау жөніндегі алғашқы конкурс былтырғы 24 желтоқсанға жоспарланған болатын. Бірақ, өтінімдердің жоқтығынан ол өтпей қалды.
Бұдан соң құжаттамаларға өзгертулер енгізіліп, келесі жеделдетілген тәртіптегі тендер 31 мамырда жарияланды.Оны Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өткізеді. Комиссия құрамына атқарушы органдар мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері еніп отыр.
"31 мамырда конкурс жарияланды, оған қандай кәсіпорындардың қатысатыны он бес күннің ішінде белгілі болады. Әзірге еліміздің және Ресей мен Беларусьтің 5 компаниясы конкурсқа қызығушылық танытып отыр. Тендер өтуі тиіс", ‒ деді «ШҚО бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аймақтық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Шәкәрім Бұқтығұтов.
Оның айтуынша, жүйе енгізілген соң билет бағасы қымбаттамауы тиіс, жеңілдіктер де сақталады. Сонымен қатар, кондукторлар да жұмыссыз қалмайды, олар енді бақылаушы қызметін атқармақ.
Жалпы Өскемен үшін 100 мыңнан астам арнайы карта шығарылады. Оның ішіне ақшаны қалта телефоныңыз немесе терминалдар арқылы, сондай-ақ арнайы сату нүктелеріне барып та салуға болады.
Бұл жобаның құны шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Ол мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске асырылуда. Шығындардың 70%-ы жекеменшік инвесторлардың қалтасынан, ал қалған 30%-ы облыс қазынасынан төленеді. Жоба шартына сәйкес инвесторлар өздері құйған қаржысын 4 жылдың ішінде қайтарып алуы керек.
"Қоғамдық көліктерге электрондық билеттендіру жүйесін енгізу – табыстың көзі. Айталық, Алматы шаһарында осы жүйе енгізілген соң тасымалдаушылардың кірісі төрт есеге артқан. Бізде де дәл солай болады.Табыс кем дегенде 4 есеге өсуі тиіс. Ал бұл өз кезегінде қызмет сапасының артуына негіз болады", ‒ деп түйіндеді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы Өскемен мен Семей қалаларының әкімдеріне осы жобаны толық іске асыруды міндеттеді.