Өскемендегі 30 аула абаттандырылады
Биыл облыс орталығында "Халық қатысатын бюджет" жобасы бойынша 30 аула абаттандырылып, 2 футбол алаңы салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір Протозанов көшесіндегі 19, 21, 23-ші үйлердің ортақ ауласында жұмыстар басталды.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен Өскемен қаласында "Халық қатысатын бюджет" жобасы іске қосылған. Яғни, тұрғындардың қаланы абаттандыруда жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуға мүмкіндігі бар. Осы орайда аумақты көгалдандыру, тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, бордюрларды, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату, балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру ескерілген.
Протозанов көшесіндегі 19, 21, 23-ші үйлердің тұрғындары бағдарламаға қатысуға үш жыл қатарынан өтініш білдірген. Биыл ақыры өтініштері қабылданып, мердігер компания жұмысты бастап кеткен. Осы орайда айта кеткен жөн, аулаларды абаттандыру барысында тұрғындардың өтініш-қалаулары толықтай ескерілуде.