Өскеменде «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» аймақтық форумы өтті

Бүгін Өскемендегі Педагогикалық шеберлік орталығының филиалы қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесіп, «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» тақырыбында аймақтық форум өткізді деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Мақсаты – білім беру процесіне заманауи тәсілдерді енгізу, жас педагогтердің зияткерлік әлеуетін арттыру, әдістемелік көмек көрсету. 

Форумға облыстың білім беру ұйымдарынан барлығы 150  жас педагог қатысуда. Іс-шара басында жас педагогтер үшін Өскемен қаласындағы ПШО филиалының тренерлері, Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары, педагог-психологтері «Біз бір командамыз» тренингін жүргізіп, қатысушылардың эмоционалдық көңіл-күйін форум жұмысына бағдарлайды, – дейді «Шығыс» өңірлік орталығының кабинет меңгерушісі Айзада Қантаева. 

Форум аясында І республикалық форум туралы бейнеролик көрсетілді. Шығыс Қазақстан атынан  республикалық форумға делегат болып барған жас педагогтер – Ұлан ауданындағы Мәрсеков атындағы мектептің мұғалімі Әділ Анарбеков, С. Аманжолов атындағы мектептің мұғалімі Мақсат Алғали, сондай-ақ Өскемендегі №39 мектеп-гимназияның мұғалімі Алена Рахимова, О. Бөкей атындағы №44 лицейдің мұғалімі Назым Бекжанатова, Меновное мектебінің мұғалімі Анна Шваб модератор болып, республикалық форумда жинаған іс-тәжірибелерімен бөлісті. 

Қоғамдағы ұстаз мамандығының рөлі әрдайым маңызды. Технологиялар үзіліссіз жетіліп жатқан қазіргі заманда өз ісінің шебері, ұстаз деген атқа лайық педагогтерді қалыптастыруда өтіп жатқан іс-шараның орын ерекше, форум жұмысына сәттілік тілеймін! – деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлима Ақылбек құттықтау сөзінде. 

Форумға қатысушы жас педагогтерге мотивациялық талпыныс беру үшін өз кәсіптерінде жетістікке жеткен, ел дамуына үлес қосып жүрген спикерлер – олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров кәсіби даму жолдарын, қызықты да мағыналы оқиғаларын әңгімелеп, жетістіктерінің құпияларымен бөлісті. 

Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ директоры Жұпат Ерниязова мен ПШО Өскемен филиалының директоры Күлфарида Райысова мұғалімнің шебер болып қалыптасу жолында тәжірибе бөлісу, әдістемелік негіздің ғылыми және әралуан болуы шарт деп атап өтті. 

Тренерлер мен ұстаздар түрлі алаңдарда функционалдық сауаттылық, сабақты құрастыру, insight зертханасы, оқытуда АКТ-ны тиімді пайдалану тақырыптарында әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Форумының ACTIV SPOT бөлігінде Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары саз, сурет салу, би, вокал, домбыра өнерлеріне саяхат жасады, арт терапия жүргізді. 

Іс-шара соңында Өскемендегі Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренерлері «Зерттеуді зерттеуге болмайды» тақырыбында педагогикалық батл ұйымдастырды. Оған қатысушылар өз көзқарастарын уәжді дәлелдермен негіздеп, пікірлерімен бөлісті. 

Форум қорытындысында іс-шараның есебі ретінде түсірілген бейнеролик көрсетілді. Кері байланыс жүргізіліп, белсенді мұғалімдер алғыс хаттармен марапатталды, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. 

Жас педагогтерге арналған аймақтық форум жыл сайын жалғасын таппақ. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы