Өскеменде жаңа ЖЭО құрылысы басталды
Өскемендегі жаңа ЖЭО қаланың жылу энергиясы тапшылығын жабуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, өңірдің энергетика саласының қазіргі жағдайы, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы туралы баяндап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесуді ашқан вице-министр электрмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту Энергетика министрлігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Кездесу барысында Риддер жылу электр орталығының жұмысына ерекше назар аударылды. Сұңғат Есімхановтың айтуынша, 2023–2025 жылдары станцияны жаңғыртуға 20,2 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейі 75%-дан 43%-ға дейін төмендеп, қаланы жылумен қамту жағдайы тұрақтандырылды. 2026 жылы станцияны одан әрі жаңғыртуға 2,6 млрд теңге қарастырылған. Оның аясында екі қазандық пен 3,3 шақырым жылу желісіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ кездесуде Өскемен қаласында жаңа жылу электр орталығын салу жобасы туралы ақпарат берілді. Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ іске асыруда. Болашақ станцияның электр қуаты 360 МВт, ал жылу қуаты 1000 Гкал/сағатты құрайды. Бұл қаланың қазіргі жылу энергиясы тапшылығын толық өтеуге мүмкіндік береді.
Құрылыс үшін Өскемен қаласының сол жағалауынан жер учаскесі белгіленді. Жоба заманауи таза көмір технологияларын қолдануды көздейді. Қазіргі уақытта құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Вице-министр Сұңғат Есімханов өңір тұрғындарының электрмен және жылумен жабдықтау, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және облыстың энергетикалық жүйесін одан әрі дамыту мәселелері бойынша қойған сұрақтарына жауап берді.
Вице-министр барлық келіп түсетін өтініштер мен ұсыныстар Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Сұңғат Есімханов Риддер жылу электр орталығындағы жөндеу науқанының барысымен және алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.