Өскеменде жаңа автобустар көбейді

Өскемендегі қоғамдық автобустар қарқынды түрде жаңартылып жатыр, алайда тасымалдаушылар жүргізушілердің жетіспей отырғанын айтуда деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Қала әкімі Жақсылық Омар жуырда тағы 10 жаңа автобустың жолға шығатынын айтып, жұртқа сүйінші жаңалық жеткізді. Бірлік күні мерекесі қарсаңында қатынай бастайтын автобустар №39, №53, №67, №351 бағыттар бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Тұрғындарға қызмет ететін бұл автобустарды «Vosсa» ЖШС басшылығы таныстырды.

«Vosсa» ЖШС паркі он автобуспен толықты. Қазір көліктердің құжаттары рәсімделіп жатыр, 1 мамырда желіге шығуға дайын болады. Осылайша, қалалық парктердегі жаңа автобустардың саны 68-ге жетеді. Бұл – барлық маршруттардың жалпы қажеттілігінің 30%-ы. Қазіргі кезде аталған компания қарқынды жұмыс істеп жатыр. Тасымалдаушылардың бағыттары бойынша ешқандай мәселе жоқ, – деді Жақсылық Омар.

Қала әкімінің алғысын арқалаған «Vosсa» ЖШС компаниясы «Daewoo» маркалы автобустарды таныстырып, құжаттары біте сала жолға шығуға дайын екенін айтқан болатын. Бірақ автопарк басшылығы автобусқа тізгіншілер жетіспейтінін айтты.

Су жаңа автобустар №67, №351, №53 маршруттік бағыттарды толықтырмақ. Автобусқа жүргізушілер жетпей жатыр, жалақысы – 15 күнге 300 мың теңге, – дейді «Vosсa» ЖШС-нің директоры Қанат Халелов.

Сондықтан компания басшылығы жақын арада маршруттардағы автобустардың санын көбейтуді жоспарлап отырмағанын айтады. Тек тозығы жеткен ескінің орнын жаңа автобустар алмастырмақ.

Бүгінгі таңда облыс орталығында жылжымалы құрамды жаңарту бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Бағдарлама аясында 2021-2022 жылдары қала тасымалдаушылары 71 автобус сатып алған болатын.

Енді басқа да ескі автобустарды жаңамен алмастыруды жалғастырса екен. Себебі қыс айларында ескі автобустар сынып қалады да халық жұмыстан кешігеді, балалар тоңып қалады. Бұл жағдайды біз сияқты қарапайым халық қана түсінеді. Автобустарды жаңартып қана қоймай, уақытылы жүріп-тұруын да бақылап отырған дұрыс, – дейді қала тұрғыны Сәбит Баймұратов.

Қоғамдық көліктерді жаңарту жалғасын табуда. Осы жылдың басында қатарға 23 автобус қосылған болатын. Қала әкімі сол кезде осы жылы 77 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отырғандарын айтқан. Жалпы шаһарда 250-ге жуық қоғамдық көлік бар. Бүгінге дейін автобустардың 30 пайызы жаңартылғаны жыл басында айтылған болатын. 

Жергілікті әкімдікпен келісімге келген тасымалдаушы компаниялар әр 7 жыл сайын көліктерді жаңартып отыруға міндетті. Ал қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары екі жылдан бері автотасымалдаушыларды субсидиялау жөніндегі міндеттемелер шеңберінде жүзеге асып келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: yk-news.kz
Өзгелердің жаңалығы